Бұл ретте Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына мемлекеттің қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, жеке секторға берілетін кәсіпорындар тізімін анықтауды жүктеген. Атқарушы билік Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын да қабылдауы тиіс болатын. Соған орай, Үкімет елімізде жекешелендірудің екінші толқынын жүргізуге әзірлігін аяқтағанын да бұған дейін мәлімдеген. Дегенмен, қазірдің өзінде жұртшылық арасында жекешелендіру ісінде, оның ішінде мәдени нысандарды жекешелендіруге қарсы пікірлер қалыптасып отырғаны белгілі.
«Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру үшін Үкімет бәсекелес ортаға берілуі тиіс квазимемлекеттік сектор субъектілерінің атаулы тізбесін бекітті. Жалпы, бәсекелес ортаға квазимемлекеттік сектордың 782 ұйымы өтеді, 380 ұйым қайта ұйымдастырылу үшін таратылатын болады. Республикалық меншік бойынша 29 ұйым және 3 нысан, коммуналдық меншік бойынша 416 нысан жекешелендірілмек. Ұлттық холдингтер мен компаниялар бойынша бәсекелес ортаға 337 актив беріледі. Оның ішінде - «Самұрық-Қазына» қоры бойынша - 106 актив, «Бәйтерек» холдингі бойынша - 15, ҚазАгро - 32, Парасат - 8, Зерде - 2, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар - 174. Қазіргі уақытта жекешелендіру жөніндегі тұрақты комиссиялар құрылып болды», - деді ҚР вице-премьері - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның айтуынша, биылғы жылы 278 нысанды сату жоспарланып отыр. Онда республикалық меншік бойынша - 19, коммуналдық меншік бойынша - 109, ӘКК бойынша - 75, холдингтер бойынша - 75 нысан тұрғана белгілі болған. Ал Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, республикалық меншіктегі ұйымдардың тізімі бойынша бүгінде ірі 29 ұйым мен 3 нысанды жекешелендіру ұсынылған. Бұған қосымша 11 республикалық деңгейдегі ұйым кәсіпкерлердің сенімді басқаруына беріледі. 74 ұйым қайта құрылады (біріктіріледі) немесе толық жойылады. Нәтижесінде, республикалық меншіктегі ұйымдардың саны 28 пайызға қысқарады.
«Коммуналдық меншік құрылымының 82 пайызын әлеуметтік сала ұйымдары құрап отыр. Оларды жекешелендірудің әлеуеті әзірге соншалықты емес, сондықтан олар коммуналдық меншікте сақталады. Әкімдердің коммуналдық меншігінде білім беру ұйымдары (олар жалпы санның 53 пайызын құрайды), денсаулық сақтау (14 пайыз), мәдениет (10 пайыз) нысандары қалады», - дейді Ерболат Досаев.
Оның сөзіне қарағанда, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар меншігіндегі жергілікті кәсіпорындардың 174-і енді бәсекелестік ортаға берілсе, 28 ұйым қайта құрылады немесе жойылады. Сөйтіп, ӘКК-тер құрылымында тек 104 ұйым сақталады. Бұл бүгінгі ӘКК ұйымдар санының 60 пайызға азаятынын білдіреді.
Ал «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Нұрлан Рахметовтің сөзіне қарағанда, қорға кіретін 599 компанияның 122-сі жекешелендірілетін болады. «Алайда соның ішінде 15-і - бейінді емес актив, 106-сы - өзімізге бейінді активтер. Мұның сыртында 50 компанияны біз коммерциялық банктермен бірге сатамыз. Өйткені қазір банктер біздің құрылымымыздан шығарылуда.
«Самұрық-Қазынаға» қарасты тағы 48 компания жойылады. 20 компания қайта құрылса, 5 компания мемлекеттік органдардың қарауына өтеді. Осылайша жалпы алғанда, 223 компания қысқаруға ілігеді», - дейді Н. Ахметов.
Тұтастай алғанда, республика бойынша квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардың бірден 782-сі бәсекелестік ортаға тапсырылып, 380 ұйымын қайта құру немесе жою көзделуде. Атап айтқанда, осы сектордағы ұйымдардың 2014 жылы 101-і, 2015 жылы 50-і, ал 2016 жылы 226-сы жеке секторға өтпек. Ал жекешелендіру үдерісінің үш жолы қарастырылып отырғаны белгілі. Оның біріншісі компанияны «Халықтық ІРО» нарығына шығару, екінші - тікелей аукцион арқылы сату, үшінші жолы сенімді басқаруға тапсыру, дегенмен сенімді басқарудың да белгілі бір мерзімі бекітіліп, ондай нысан да түбі жекеге сатылады. Ең бастысы, Үкімет жекешелендіру ісінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуді назарда ұстамақ. Осы мақсатта жекешелендіру жөніндегі тұрақты комиссиялардың құрамына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Нұр Отан» партиясының өкілдері кірген.
Айта кетерлігі, Жекешелендірудің кешенді жоспарының тізімінде елімізге кеңінен танымал ғимараттар да бар көрінеді. Атап айтқанда, бұл тізімде Алматыдағы бірегей орда - Республика сарайы, Қазақстан - Британ техникалық университеті де кірген көрінеді. Оңтүстік шаһардағы бірегей нысан Қазақ мемлекеттік циркі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы, «Қазақстан санаторийі» АҚ да жекеге өтетін түрі бар. Алматыдағы Д.В.Сокольский атындағы органикалық катализ бен электрохимия институтының, А.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты акцияларының 100 пайызы сатылатыны да жұртшылық арасында айтылады. Жекешелендіруге жататын нысан тізімінде «Қазтеңізкөлікфлот» ұлттық кеме компаниясы», «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» облыстық газеттері, вагон құрастыратын зауыттар мен футбол клубтары да бар көрінеді.
Ескере кететін жайт, жекешелендіру толқыны алдағы күзде бастау алатын капиталға рақымшылық пен мүлікті заңдастыру науқанымен қатарлас өтеді. Ендеше, алдағы уақытта кімнің қай зауыттың қожайыны, қай нысанның иесі атанғанын, біліп қалуымыз да әбден ғажап емес.
Дегенмен, жекешелендіру ісінде қоғам арасында әсіресе мәдениет нысандарының келешегіне алаңдаушылықтар да байқалады. Мәселен, бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Ахмадиев «Қазақфильм», Республика сарайы, Мемлекеттік цирк, Неке сарайы сияқты мәдени-әлеуметтік маңызға ие нысандарды сатуға түбегейлі қарсылық танытқаны белгілі. «Егер бұған жол берсек, Алматыны мәдениеттен мақұрым етеміз. Бұған дейін Мемлекеттік циркті жекеменшікке бергенде не болғанын бәріміз көрдік. Келуші көрермен азайып, Цирк үш жылда 50 млн теңге шығынға батты. Бес жылда үш қана бағдарлама жасалған. Цирк әртістерінің штатын қысқартқан, мүлкі сатылып кеткен. Цирк ғимаратының ішінде кафе, кешкі клуб орналасқан, қаптаған дүкен. Ішке керген адам өзін циркте емес сауда ойын-сауық орталығында жүргендей сезінеді. Осы қателіктен қорытынды шығарып, енді оны қайталамауымыз керек», - дейді депутат М. Ахмадиев.
Ал цирк өнерінде аты аңызға айналған тұлға, КСРО-ның Халық әртiсi Вилен Головко да Алматы циркін жекеменшікке беру үлкен қателiк деп есептейдi. Тіпті Вилен Головко Алматыдағы қазақ циркiнiң қалыптасуына зор үлес қосқан өнер иесi. «Қазiр маған Алматы туралы ойға сыймайтын дүние айтты: Алматы циркi жекешелендiрiлмек екен. Басымызға кiрiп-шықпайтын әрекет! Цирк өнерiн, әртiстердi, студенттердi бiреудiң жеке қолына беру мүмкiн нәрсе ме?! Сатамыз, бiттi дептi! Даму бола ма бұдан кейiн?!», - дейдi В. Головко бұл жайтқа таңданып. Оның ойынша, цирктер қалалық әкiмдiктердiң құрамында емес, ҚР Мәдениет министрлiгiнiң қарауында болуы тиiс. «Әкiмдiктер цирктердi Мәдениет министрлiгiне бермей, олардың барлығына бiр адам ғана жауапты болмайынша, даму болмайды. Барлығы шашылып жатыр. Әкiмдiктерге цирктi қол астында ұстау тиiмдi, бiрақ олар оның дамуына үлес қосуды мүлдем ойламайды», - деп атап өттi ол.