Өзгерістер кәсіпкерлердің, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен азаматтардың, банктер, төлем ұйымдары және маркетплейстердің, сондай-ақ, инвесторлардың қызметін қамтиды.
Бизнес үшін:
• тауарларды міндетті таңбалауға жұмсалған шығындарды жоғарылатушы коэффициентпен есепке алу ұсынылады;
• екінші деңгейдегі банктердің факторинг және форфейтинг операцияларын ҚҚС-тан босату мүмкіндігі қарастырылады;
• ЖК қызметін тоқтату бөлек өтініш бермей, таратуға байланысты салық есептілігін тапсыру арқылы рәсімделеді;
• елеулі әрі ұзақ мерзімді салық берешегі болған жағдайда ЭШФ жазып беру тәртібі өзгереді;
• инвестициялық салықтық преференцияларды қолдану мүмкіндіктері кеңейеді;
• резидент емес тұлғалармен жасалатын операцияларға салық салу ережелері нақтыланады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен азаматтар үшін:
• өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың әлеуметтік төлемдерін банк қосымшалары арқылы автоматты түрде ұстап, аудару ұсынылады;
• өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолдана алатын тұлғалар аясы нақтыланады;
• әлеуметтік салық шегерімдерін қолдану жеңілдетіледі;
• мемлекеттік бажды қайтаруды проактивті форматқа көшіру жоспарланып отыр.
Банктер, төлем ұйымдары және маркетплейстер үшін:
• мемлекеттік кірістер органдарына деректер беру бойынша міндеттер кеңейеді;
• банктер мен қаржылық инфрақұрылымның басқа да қатысушыларына салық агенттерінің қосымша функциялары жүктеледі;
• қазақстандық маркетплейстер шетелдік сатушылармен жасалатын операциялар бойынша салық агенті қызметін атқаруы тиіс болады;
• интернет-платформаларға салықтық бақылаудың жаңа тетіктері енгізіледі.
Инвесторлар үшін:
• жекелеген инвестициялық преференцияларды қайта енгізу ұсынылады;
• белгіленген жағдайларда инфрақұрылым нысандарын құруға жұмсалған шығындарды шегерімге жатқызуға болады;
• «Алтын виза» иелеріне арналған арнайы ережелер енгізіледі;
• инвестициялық жобаларды салықтық қолдау тетіктері кеңейтіледі.
Ұсынылып отырған түзетулер тек салық мөлшерлемелері мен жеңілдіктерін өзгертумен шектелмейді. Салықтық әкімшілендірудің жекелеген бизнес үдерістері де қайта қаралады. Атап айтқанда, кейбір міндеттер банктерге, төлем ұйымдарына және маркетплейстерге жүктеледі. Сонымен бірге, бірқатар рәсім проактивті форматқа көшіріледі. Ал салық төлеушілер мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл цифрландырылады.
Құжат «Ашық НҚА» порталында 25 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болмақ.
Жобаның толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.
Еске салайық, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеке салық қарастырылмайтынын хабарлаған болатын.
— Ал бүгінгі таңда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін ЖТС енгізу бойынша ешқандай шешім қабылданған жоқ. Бұл алдағы кезеңнің де күн тәртібінде тұрған мәселе емес. Жаңа Салық кодексінің шеңберінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін тек әлеуметтік төлем төлеу көзделген, барлығы 4% (табыс айына 300 АЕК-тен аспайтын жағдайда, қызмет жалдамалы жұмыскерлерді тартпай жүргізіледі және рұқсат етілген тізбеге кіреді), — делінген хабарламада.
Еске салсақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтық мәртебесі мәселесі биылғы 21 шілдеде Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген жобалық кеңсенің отырысында қаралған болатын. Оның қорытындысында Әлеуметтік және Кәсіпкерлік кодекстерге өзгерістерді ағымдағы түзетулер пакетіне қоспау туралы шешім қабылданды.
Министрліктің мәліметінше, бұл мәселені қарауға жаңа режимді қолдануда жеткілікті тәжірибе жинақталып, оның жұмыс нәтижесі талдағаннан кейін, келесі жылы оралу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мұраға қалған дүние-мүлік үшін кімдер 20% салық төлейтінін жазғанбыз.