Алғашқы жарты жылдықта Халық банкінің активтері 7,8 пайызға ұлғайды

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/-Алғашқы жарты жылдықта Халық банкінің активтері 7,8 пайызға ұлғайып, 2 180,5 миллиард теңгеге жетті. Бұл туралы бүгін Алматыда банк қызметінің жарты жылдық қорытындысын жария еткен банктің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова айтты.

«Банктің капиталы 293,1 миллиард теңгеге жетті. Таза пайда 16,6 миллиард теңге. Бұл Қазақстандық банк саласындағы ең жоғары көрсеткіш. Жалпы алғанда біз де дағдарысты артқа тастағандаймыз. Қазір өсу байқалуда» деді Халық банкінің басқарма төрайымы. Оның айтуынша, 2009 жылғы қаңтардан бері банктің активтері 30 пайызға өскен.

Банк жарты жылдың қорытындысы бойынша депозиттер нарығында да жетекшілік орнын сақтап қалған. Жеке тұлғалардың депозиттерінің көрсеткіші 403,1 миллиард теңге, қаржы институттарының үлесі 20,9 пайызды құрайды. Тамыз айының аяғында Moody's рейтинг агенттігі банк рейтингін жағымсыздан тұрақтыға «Ва2» деңгейіне көтерген болатын.