Әлихан Бөкейхан болған үйде бір де бір белгі жоқ - Өңірлік баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптадан бастап «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі өңірлік баспасөзге шолуды қолға алған  болатын. Мақсат - аймақтағы баспасөзге орын беріп, өңірлерде көтерілген мәселенің жұртшылыққа жетуіне жол ашу. Жалпы кез келген БАҚ белгілі бір деңгейде оқырман көзқарасына, оқырман сұранысына тәуелді. Сондықтан да «ҚазАқпарат» ХАА аймақ мәселесін республика жұртшылығының назарына ұсынғанды жөн санайды. Бұл бір жағынан оқырмандық сұранысқа жұмыс істесе, екінші жағынан еліміздің ақпараттық тұтастығына да сеп болмақ.

Айта кетерлігі, соңғы кездері мерзімді баспасөз заман талабына сайланып қағаз нұсқадан гөрі веб-парақшаларына қатты назар бұра бастады. Алайда облыстан бастап, аудандық деңгейдегі газет сайттары интернет парақшалар талабына сай келе бермейтіні байқалады. Тіпті былтырдан бері парақшасын жаңартпаған облыстық, аудандық газеттер баршылық. Бұндайда «көш жүре түзеледі» дегенді қаперге қойып, қолда бар дүниелерді оқырман назарына ұсынған жөн деп санадық. Шолуға кіріспес бұрын «ҚазАқпарат» ХАА өңірлік, әсіресе аудандық газеттермен жұмыс істеуге ниеттес екенін де хабарлағымыз келеді. Өйткені қоғам болып жұмылуға тиіс қоғамдық сананы жаңғырту ісіне өңірлік баспасөздің қосар үлесі зор деп білеміз.  

Алаш қайраткерлерінің қолтаңбасы қалған ғимарттар - Дидар газеті

Шығыс Қазақстан облысының «Дидар» газетінде «Алаш қайраткерлерінің қолтаңбасы қалған ғимараттар» атты мақала жарық көрді. Мақала авторы биыл 100 жылдығы аталып өтілетін Алаш қозғалысының Семей қаласына тікелей қатысы бар екенін, бұл шаһарда Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған көптеген алаш қайраткерлерінің тұрғанын, еңбек еткенін еске сала кетеді. Расында, Семейдің Алашорда автономиялы үкіметінің астанасы болғаны, қаланың сол жағалауы 10 жыл бойы, нақтырақ айтсақ, 1917 жылдың наурызынан 1927 жылдың қыркүйегіне дейін ресми түрде Алаш қаласы атанғаны белгілі.

«Бұл шаһарда алаш қайраткерлерінің аялы алақандарының табы, қолтаңбалары қалған тарихи орындар аз емес. Өкінішке қарай, қаладағы алаш арыстары тұрған, жұмыс істеген, кездесу өткізген, келіп-кетіп жүрген ғимараттардың көпшілігі бүгінде сақталмаған. Сақталғандары да бар. Ғасырлық мерейтой қарсаңында журналист, тарихшы Мұратбек Кенемолдинмен бірге Семейдегі алаш қайраткерлеріне қатысты сақталғаны бар, сақталмағаны бар ғимараттардың бірнешеуін аралап, бүгінгі жай-күйімен танысудың сәті түскен еді» деп жазады автор.

 Осыған орай, Алаш ардақтыларының ізі қалған орындарды тізіп шыққан «Дидар» газеті  олардың ескерусіз қалғанына қынжылыс білдіреді. Мәселен, мақаланың «Бөкейханов болған үйде бірде-бір белгі жоқ» деген бөлімінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа тікелей қатысты ғимараттың бірі әрі бірегейі - әуелде губернатор үйі, кейін ХХ ғасыр басындағы төңкеріс жылдары Бостандық үйі деп аталған, бүгінде облыстық тарихи өлкетану мұражайы орналасқан ғимарат туралы айтылады. 1917 жылдың күзінде Томск қаласында өткен Сібір автономистерінің съезіне қатысып қайтқан Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермековты Семей жұртшылығының құшақ жая қарсы алатын жері - дәл осы үй.

«1917 жылдың сәуір айында бұл ғимаратта Семей қазақтарының тұңғыш облыстық съезі өтіп, алқалы жиында қазақ автономиясы туралы мәселе алғаш рет көтеріліп, ұлттық мемлекетімізді құру жөнінде шешім қабылданады. Осы жиынға Шәкерім Құдайбердіұлы да қатысып, съезд делегаттарын құттықтап, сөз сөйлейді. 1917-1918 жылдары осы ғимаратта Семей облыстық Земство басқармасы орналасады. Басқармаға Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков алма-кезек басшылық етеді. 1918 жылдың басында өткен Семей облыстық земствосының бірінші төтенше жиынында қазақ сотының құрамын сайлау мәселесі қаралып, онда облыстық соттың төрағасы Мұқыш Боштаев, ал оның орынбасары Иманбек Тарабаев, мүшелері Шәкәрім Құдайбердиев пен Смақан Бөкейханов болып сайланады. Өкінішке қарай, осындай тарихи кездесулер мен тарихи оқиғалар орын алған, ұлт мүддесіне қатысты тағдырлы шешімдер қабылданған ғимаратта әлі күнге дейін «бұл жерде Әлихан Бөкейханов болған, кездесу өткізген» дейтіндей бірде-бір белгі жоқ. Керісінше ғимаратқа кіреберісте «Ленин 5» деген жазуға көзіңіз түседі. Өйткені, бұл үй Ленин көшесінің бойында орналасқан. Абай, Міржақып Дулатов көшелерімен қиылысатын бұл көшеге Әлихан Бөкейхановтың есімін беру жөніндегі ұсыныстар көптен бері айтылып келе жатқанымен, әлі күнге шешімін таппай келеді», деп жазады «Дидар» газеті.

Бұдан бөлек, мақалада Алаштың ардақты қайраткерлеріне тікелей қатысы тарихи орындар туралы да сөз етіледі. 

  


Еңбекке құштар етікші - Замана жаршысы

Алматы облысы Қарасай аудандық «Замана жаршысы» газетінде  етікші Тілек туралы мақала шыққан екен. Тілек осыдан он жыл бұрын Қытайдан келген қандасымыз. «Ерінбеген етікші болады, ұялмаған өлеңші болады» деген халық тәмсілі кейіпкеріміз Тілек үшін тура айтылғандай. Өйткені, күндіз-түні көз майын тауыса отырып, он рет өлшеп, бір рет кесіп, неше жүз майда шегені мүлт кетпей қаз-қатар тізіп, қолға алған аяқ киімді қонымды етіп тігіп, оны оймақтай етіп оюмен келістіріп көмкеру ең алдымен үлкен шыдамдылықты, сосын таусылмас төзім мен ептілікті талап ететіні анық...» деп жазады автор.  

 

EXPO-ға Тарбағатайдың алып асығы қойылады - Менің өлкем

 

«Менің өлкем» газетінің (Buqara.kz сайты) жазуынша, EXPO-2017 көрмесіне Тарбағатай ауданындағы Әулие Ырғызбай кешенінде құралған алып асық апарылатын болды. Бірегей туынды 50 мың асықтан жасалған. 

 

Әулие Ырғызбай кешенінің директоры Болат Құнанбайұлы асықты 16 жыл бойы жинаған екен. «Асық саны 25 мыңға жуықтағанда Гиннесс рекордтары кітабына ену үшін өтініш жаздым. Екі айдан кейін «Асық саны сіздей көп адам жоқ. Рекордтар кітабына енгізуге болады» деген жауап алдым. Гиннесс рекордтары кітабының Астанадағы филиалы мені шақырып, асықтардың енгені туралы сертификатты табыс етті, - дейді Болат Құнанбайұлы. 

 

 Сәбидің өліміне кінәлі ақтөбелік дәрігерлер 1 миллион теңге өтемақы төлейді -  Керек.info

Ақтөбе қаласының тұрғыны Сәбина Әлиқұлова 2016 жылдың желтоқсанында сәбиінен айырылып қалды. Бұған дәрігерлер кінәлі. Сот шешімімен облыстық аурухананың босандыру бөлімшесі баласынан айырылған анаға 1 миллион теңге моральдық шығынды өтеуі тиіс.  Бұл туралы «Керек.info» басылымы жазды. 

«Ана мен бала денсаулығы басты назарда болғанымен, дәрігерлердің қателігінен 22 жастағы Сәбина Әлиқұлова сәбиінен айырылып қалды. Жедел жәрдем шақырып, ауруханаға түскен С.Әлиқұлова дер кезінде ота жасалмай, бала қанға тұншығып өлді деген ойда. Сот істі қарап, 1 миллион теңге моральдық шығынды облыстық аурухана өтеуі тиіс деп үкім шығарды» делінген ақпаратта.


Салмағы ауыр сауалдар, жауап таппай қиналасың...» - Қостанай таңы

«Қостанай таңы»  газетіндегі Дархан Әбәйділдәмен сұхбатта күллі қазаққа ортақ мәселелер қозғалып, ұлттық мүдде жайында да ой бөліскен екен. Алдымен Дархан Әбәйділдәнің өзіне келсек, ол - бейбіт күннің батыры атанған, сонау 1996 жылы Алматы облысы Заречный кентіндегі қатаң режімдегі түрмедегі дүрбелеңге жалғыз қарсы тұрған сол кездегі 20 жастағы жігіт.  «Қылмыскерлерді құрықтаған торғайлықтың ерлігі күні бүгінге дейін әскер қатарына алынған жас сарбаздарға үлгі етіледі. Оның құрметіне сол жерде ескерткіш тақта орнатылған. Бір жылдан соң «Закон» газетінде «Героический поступок Тургайца» атты тақырыппен мақала басылады» деп жазады «Қостанай таңы» газеті.

Шындығында редакцияда қонақта болған батырдың тегін тұлға емес екеніне сұхбатты оқып отырып-ақ көз жеткізесің. Мәселен, «Сіздіңше, қала қазағы қалыптасты ма?» деген сұрағына ол: «Шама келгенше қазақты бөле беретін болдық қой. Ауылдікі, қаланікі дедік, орыстілді және қазақтілді қазақтар деп жазып жүр. Мұның дұрыс-бұрыстығын айтатын мен емес. Орысша сөйлесе де, жаны қазақ деп тұратын азаматтар жүр ортамызда...» деп жауап береді.

Ал журналистің «Қазақтың дамуын тежейтін екі факторды атаңызшы?» деген соңғы сауалына: «Жемқорлық және жемқорлық» деп жауап берген екен.

Маңғыстаулық мұғалім жаңа ойын ойлап тапты - Не хабар

 

Маңғыстаулық мұғалім, ұлттық ойын авторы Амангелді Меденов өзінің жобасына «Қаздойбы» деп ат берген екен. «Ойынның басты ерекшелігі бір тақтада төрт адам ойнайды. Онда 132 тор бар. Олар латын әріптерімен және 1-ден 12-ге дейінгі санмен белгіленген. Қаздойбы тастарының аты «сарбаз». Ойын негізінен дойбының әдісімен жүреді», - деп жазады «Не хабар» . 

 

Қанатбайдың Қаресін көре қалған - Орал өңірі

Мақала 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде тағдыр талқысымен жау тұтқынында болған жәнібектік Қарес Қанатбайдың қиын да қилы тағдыры туралы болып отыр. Авторы - газеттің тұрақты оқырманы, жасы 80-нен асқан Тельман Ажкеев ақсақал. «Ол кезде кеңес адамдарының отансүйгіштік рухы биік, адамгершілік ұстанымдары мықты, өз бастарын қатерге тосса да, Отанына төнген қауіпті жою үшін жандарын пида етті. Мұны 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы дәлелдеп берді. Олар өз қалауларымен Қызыл әскер қатарына сұранып барып соғысқа қатысты. Бірақ әзірейілдей ажал отын шашқан неміс концлагерінің азабына өз еркімен берілген  жоқ. Бұл олардың пешенесіне жазылған тағдыр тәлкегі. Көндікпеске шара жоқ. Елге келсе, ұрпағына, тума-туыс, бауырына зияны тиетінін ойлап, әрі сол кездегі кеңестік саясаттың бастарынан сипамайтынын да айдан анық білген. Қарестің елге қайтып келмеуіне оның сол кезде М. Шоқаймен бетпе-бет кездесіп, рухани туыс болып үлгергені, идеялық ой-пікірлерінің ортақтығы әсер еткен шығар?.. Немесе кеңес елінде жүріп, Алаш қайраткерлерінің мақсатын ту қылып ұстап жүре алмайтындығына көзі жеткендігі болар?.. Бұл Қ. Қанатбай жөніндегі өзімнің жеке пікірім», - деп жазады автор .