«Вегетациялық кезеңді тиімді өткізу – түптеп келгенде егіннің түсімі мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Суармалы жерлердің көп бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінде орналасқан. Олар жыл сайын су тапшылығының зардабын тартып келеді. Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндері негізінен көрші елдерден келетін ағын суға тәуелді. Ғылыми болжамдарға сәйкес, судың көлемі алдағы уақытта да азая бермек. Яғни, 2040 жылға қарай су тапшылығы жылына шамамен 15 текше километрді құрайтын болады. Сондықтан судың басында отырған елдермен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттемелерді сақтау мәселесі бойынша жұмысты күшейту қажет», - деді Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, тиісті инфрақұрылымның жоқтығы, сондай-ақ жұмысты ұйымдастыру мәселесінде ішкі кемшіліктер де су саласындағы негізгі проблемалардың бірі болып отыр.
«Бұл жерде бірінші кезекте, өзімізде бар су қорын үнемдеп, тиімді пайдалану мәселесін бір жүйеге келтіру қажет. Елімізде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Алайда сол судың жартысына жуығы техникалық жағдайы әбден ескірген каналдардан егістікке жеткенше құмға сіңіп, ысырап болуда. Бұл – үлкен шығын. Мысалы, Түркістан облысындағы К-30 каналының техникалық жағдайы бәріне белгілі. 12 жылдан асты, күрделі жөндеу жұмыстары сонда да аяқталмай келеді. Қызылорда облысының егіншілері тәуелді болып отырған Сол жағалаудағы магистральдық канал бойынша да жағдай осындай. Мұндай мысалдар елдің оңтүстік аймақтарында өте көп», - деді Үкімет басшысы.