Әлімхан Жүнісбек: Әліпби қабылданды дегеніміз - жұмыс бітті деген сөз емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлық шықты дегенімізбен, бұл тұрғыда атқарылар жұмыс әлі алда. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Көптен айтып жүргенімдей, латын әліпбиіне көшуді жұрттың кейбірі бір таңбадан екінші таңбаға ауыстыра салу деп ұғып жүрген секілді. Бұл - кәдімгі күрделі әрі іргелі жазу реформасы екенін естен шығармау керек. Әлемдегі әрбір мемлекет өзінің жазуын оқтын-оқтын реттеп, пысықтап отырады. Сол сәт бізге де келді. Өткен ғасырда орыс тілінің әліпбиі мен емле ережесі мүлде бөлек қазақ тілінің әліпбиін қосып жібердік. Қазіргі қолданыстағы әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атауға болмайды. Емле-ережеміз тіпті орыс тілінде қалай жазылса солай жазылып, қалай айтса солай айту керек деген баяғы бір ұстаным болған. Сол бойынша кейінгі жастардың тілі бұзылып барады», - дейді профессор.

Әлімхан Жүнісбектің айтуына қарағанда бүгінгі таңда қазақ тіліндегі кейбір сөздердің үндесуі, әуезі бұзылып жатыр. Сөздердің құрамына қалай талдау керектігінің реті келмей, буынға және тасымалға бөлуде бірқатар сұрақтар қордаланған.

«Буын, тасымал деген ол тілдік әрекет емес, әріптің әрекеті болып кетті. Біз әріп талдауға көштік. Сондықтан бірінші кезекте өзіміздің төл дыбыстық құрамымызды анықтап алуымыз керек. Қазір кез келген қазақтан сұрасаңыз, «қазақ тілінде 42 дыбыс бар» деп жауап береді. Олай емес. Біздің тілімізде бар болғаны 28 дыбыс бар. Сол 28 дыбысымызға үйлесімді латын әліпбиін қабылдауымыз керек. Сонда ғана ұлттық әліпбидің ұлттық емле-ережесі қалыптасады», - дейді Әлімхан Жүнісбек.

Сонымен бірге, профессор Мемлекет басшысы қол қойған кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қатысты ойын білдірді.

«Жарлық деген - заң. Ендеше, біз бәріміз сол заңға бағынамыз. Әліпби ұнай ма, ұнамай ма - ондай талқылау енді болмайды. Сол әліпбиді қалай дұрыстап пайдаланамыз, қалайша оқу құралдарына жеткіземіз, қалай мектепке жеткіземіз?..

Ендігі мәселе - сол. Әліпби кестеде тұрғанда әп-әдемі, жұп-жұмыр әрі түсінікті көрінеді. Ал енді мектепке енгізілген уақытта негізгі жұмыстары басталады. Демек, негізгі жұмыс әлі алда. Әліпби қабылданды дегеніміз, жұмыс бітті деген сөз емес», - дейді профессор. 

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.