Әліпби ауыстыруды тілдің өзі талап етіп отыр - Жұмағазы Әлпішев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет болып қарастырып отырған әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Астана қаласы №56 мектеп - лицей директоры Жұмағазы Әлпішев латын әліпбиіне көшуге қатысты осындай пікір білдірді.

«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.  Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» - деп ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауында айтылған болатын.

 «Қазақ тілін осы заманғы ақпарат тіліне айналдыру барысында қандай істерді бірінші кезекке қою керектігі  туралы өз пікірімді білдіргім келеді. Әрине, бір әліпбиден екіншісіне ауысу оңай шаруа емес. Мен сияқты жасы алпысқа таяған адамдар үшін бұл іс қиындық келтіруі әдбен мүмкін, бірақ болашық ұрпақ үшін біз үлкен қолдау көрсетуіміз керек. 2025 жылға дейін  латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алынуын толық қолдаймын», - дейді Жұмағазы Әзенұлы.

Ол әліпби ауыстыру кезіне қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды,

«Бірінші кезекте, латын әліпбиін оқытатын арнайы мамандарды дайындауды қолға алу, жоғары оқу орындарында, арнайы педогогикалық колледждерде мамандарды дайындайтын бөлімдер ашу, латын әліпбиін танытуға арналған оқу құралдары ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып өте сауатты жасалуы керек.

Әліпби  мен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн. Жазу мен әліпби мәселесі бір-бірімен тығыз байланысты болады», - дейді елордалық білім ошағының басшысы.

Оның айтуынша, мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер 42 таңбадағы кириллицаны меңгеруден гөрі 30-31 таңбалы латын әліпбиін меңгеру жеңілірек болады.

«Латын әліпбиін енгізе отырып, оның қазақ тілінің дыбыстық тазалығын сақтап қалуға, дамуына үлес қосуын үнемі қадағалуда ұстауымыз керек

Бай мұралар, ақын - жазушылардың классикалық шығармаларын келер ұрпаққа жеткізу мақсатында латын әліпбиіменен қайта басып шығару үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлу қарастырылғаны жөн

Осы бастан латын әліпбиіне  халықтың көзі үйрене беру үшін қала, ауыл, көше, мекеме  атауларын латын әліпбиімен де жазып қоя беру керек», - деді  Жұмағазы Әлпішев.