Алқаптарды арамсояудан қалай арылтуға болады

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазіргі таңда карантиндік өсімдіктердің бірі – арамсояудың таралуы тұрғындарды алаңдатып отыр. Осыған орай Kazinform тілшісі мамандардың пікір-пайымын білген еді.

Фото: Владимир Абдулов

Карантиндік өсімдіктен құтылудың жолдары қандай?

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Орынбаевтің мәлім еткеніндей, арамсояу (повилика) – сабақ арқылы паразиттік тіршілік ететін карантиндік өсімдік. Ол ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін төмендетіп қана қоймай, өнім сапасын нашарлатады, өсімдіктердің зиянкестер мен ауруларға шалдығуына ықпал етеді. 

Фото: Kazinform

Сонымен қатар арамсояу көптеген өсімдік вирустарының бастапқы тасымалдаушысы болып есептеледі. Оның құрамындағы алкалоидтар арамсояумен ластанған шөпті жеген жануарлардың улануына себеп болуы мүмкін.

Ерлан Құлатайұлының сөзіне қарағанда, жауын-шашыннан кейін ауа ылғалдылығы артып, температураның төмендеуі арамсояудың жас өркендерінің қарқынды дамуына қолайлы жағдай туғызады. Ылғалды топырақ тұқымдардың өнуіне ықпал етеді. Жауыннан кейін тұқымдар жеткілікті мөлшерде ылғал алып, тезірек өне бастайды.

Арамсояу негізінен қосжарнақты өсімдіктерді зақымдайды. Ең жоғары қауіпке ұшырайтын дақылдар: жоңышқа, беде, күнбағыс, картоп, қызанақ, сәбіз, зығыр, соя, ноқат және басқа да бұршақ тұқымдас дақылдар.

Фото: Владимир Абдулов

- Батыс Қазақстан облысы аумағында арамсояумен ауыл шаруашылығы алқаптарының толық жойылу дерегі күні бүгінге дейін тіркелген жоқ. Бұл карантиндік арамшөптің негізгі ошақтары автомобиль жолдарының бойында және елді мекендер аумағында анықталып отыр. Барлық залалданған жер учаскелеріне карантин режимі енгізіліп, арамсояу ошақтарын оқшаулау және жою жөніндегі тиісті карантиндік іс-шаралар жүргізілуде, - дейді Е.Орынбаев. 

Оның айтуынша, облыс аумағында арамсояудың таралуына жыл сайын мониторинг жүргізіледі. Мониторингті республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының мамандары жүзеге асырады. Биыл бекітілген жоспарға сәйкес 13 мың гектар аумақта фитосанитариялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының мәліметіне сәйкес, облыс бойынша арамсояуға қарсы карантиндік іс-шаралар жүргізілуі тиіс жер учаскелерінің жалпы аумағы – 2,9 гектар. 

Биыл жауын-шашынның мол түсуіне байланысты арамсояудың таралуы, әсіресе, Орал қаласы аумағында артқаны байқалады. Арамсояу ошақтарын анықтау мақсатындағы фитосанитариялық зерттеу жоспарлы түрде жалғасатын болады.

Фото: Владимир Абдулов

Тексеру актісінің негізінде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар арамсояу ошақтары анықталған жер учаскелерінің меншік иелеріне, жер пайдаланушыларына және өзге де жауапты тұлғаларға олардың таралу ошақтарын оқшаулау және жою жөніндегі карантиндік іс-шараларды міндетті түрде жүргізу туралы нұсқама береді.

Берілген нұсқамалардың негізінде жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар жыл сайын арамсояу ошақтарын оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды жүргізеді. Мұндай жұмыстарды жыл сайын қайталап жүргізудің басты себептерінің бірі – арамсояу тұқымдары ұзақ уақыт бойы өміршеңдігін жоймайды. Оның тұқымдары топырақта 5–10 жылға дейін, ал қолайлы жағдайларда одан да ұзақ сақталып, жаңа ошақтардың қайта пайда болу қаупін туғызады.

- Батыс Қазақстан облысында арамсояу ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде кең таралмаған. Ал елді мекендер аумағында және автомобиль жолдарының бойында халықтың денсаулығын қорғау және экологиялық талаптарды сақтау мақсатында гербицидтерді, яғни химиялық өңдеу әдістерін қолдануға болмайды. Негізгі қиындық та осы. Осыған байланысты мұндай жерлерде тек механикалық жою әдістері қолданылады. Алайда мұның тиімділігі төмен болғандықтан, арамсояу ошақтарын толық жоюға мүмкіндік бермейді. Сондықтан мұндай аумақтарда күрес шараларын жүйелі түрде және бірнеше рет жүргізу қажет, - дейді инспекция басшысы. 

Қорыта айтқанда, арамсояу ошақтарын жою жөніндегі іс-шараларды жыл сайын және кешенді түрде уақытылы жүргізу арқылы оның таралуын едәуір қысқартуға, ал жекелеген жағдайларда залалданған аумақтарды толық тазартуға болады. 

Фото: Владимир Абдулов

Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың нұсқамасын орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Нұсқама орындалмаған жағдайда кінәлі тұлғаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар сотқа жолданады.

Арамсояу қаланы жайлап кетпей ме?

Биолог, өлкетанушы Владимир Абдуловтың толықтыруынша, арамсояуды көп жерден кездестіруге болады. Мұның қауіптілігі сондай, сары жіптерімен бау-бақша өсімдіктерін, шөпті, тіпті ағаш-бұтаны шырмап алып, буындырып өсірмей тастайды.

Фото: Владимир Абдуловтың жеке архивінен

- Қазіргі таңда бос жатқан саяжай телімдері көп. Бұл арамсояудың таралуына қолайлы. Егер дер кезінде жинап алып, өртеп жібермесе, ауыл шаруашылығы жерлеріне, орман алқабына жайылуы мүмкін. Сондықтан оны зақымдалған өсімдікпен бірге жою керек. Егер сол өсімдіктің бір бөлігі немесе арамсояудың тұқымы қалып қойса, ол сол жерде қайта жанданады. Мұнымен мемлекеттік органдармен қатар саяжай мен бау-бақша иелері бірлесіп күресуі қажет. Әйтпесе бірте-бірте күш бермей кетуі ықтимал. Сол себепті ертерек дабыл қаққанның артығы жоқ, - дейді Владимир Анатольевич. 

Саяжай иелерінің сөзіне қарағанда, бұрын арамшөптерді жинап, өртеуге болатын еді. Қазіргі кезде шөп пен қоқысты өртегені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан көпшілігі арамшөпті стихиялық қоқыс орындарына апарып тастайды. Салдарынан арамсояудың тұқымдары топырақта сақталып, тарала береді.

- Кейінгі уақытта картоп көп егілмейтіндіктен, колорадо қоңызы азайды. Есесіне қоршаған ортаға қауіпті өсімдіктер пайда болды. Кактус туралы бұдан бұрын да айтқанбыз. Оны зерттеу үшін әдейі еккен деп ойлаймын. Кактустың инесі болғандықтан, ол жермен адамның да, малдың да жүруі қиындайды. Сол секілді америкалық үйеңкі көбейіп барады. Бау-бақша иелері арамсояуға қоса шырыштан (слизень) зардап шегіп отыр. Мұны біздің аймаққа біреу әкелген, бес-алты жыл болды, қаншама күрессек те, әл бермей, бау-бақша дақылдарын зақымдап отыр. Міне, осылардың қай-қайсысына да баса назар аударып, олардың кең таралуына жол бермеуіміз қажет, - деді Абдулов. 

Фото: Абдуловтан

БҚО экология жөніндегі комиссия мүшесі Татьяна Стариченкова арамсояудың қаланы жайлап бара жатқанын жеткізді.

Оның мәлімдеуінше, телеорталықтан саяжайларға қарай жүрген кезде жол бойы арамсояуға толып тұр. Орал-Желаев трассасынан да соны көруге болады. 

Фото: Татьяна Стариченкованың жеке архивінен

- Әркім өз ауласын, сол төңіректі тазалап, аталмыш өсімдікпен күреседі. Одан әріге бармайды. Жол бойында шөп шабушылар өз жұмысын істейді де, ол арамсояу ма, басқа ма, қарап жатпайды, сол жерге тастап кетеді. Сондықтан бұған қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлері де тиісінше мән беру керек деп есептеймін. Арамсояу кез келген өсімдікке сіңіп, бар өмірлік шырынын сорып алады. Бұдан үш-төрт жыл бұрын алма ағашының өзін кесіп, өртеуге тура келді. Сол себепті Торнадо, Ураган сияқты гербицидтерді уақытылы қолданып, зақымдалған аумақты толық өңдеу керек, - деді Т.Стариченкова. 

Сонымен, мамандар арамсояудың зияны және одан аумақтарды арылту жолдары туралы өз ой-толғамдарын ортаға салды. Бұдан туатын түйін, аталмыш карантиндік өсімдіктен құтылу оңайға түспейді. Сондықтан бұл мәселені бірлесіп шешу керектігі күмән тудырмаса керек. 
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан даласына кактустың қайдан келгенін жазған едік