НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Алмат Кебіспаев Норвегия астанасы Ослода грек-рим күресінен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының капитаны, тәжірибесі мол 33 жастағы А.Кебіспаев қола жүлде үшін белдесуде түркиялық Мурат Фыратпен кілемге шықты.
Бұған дейін әлем чемпионатында А.Кебіспаев бір рет күміс, үш мәрте қола жүлде алған болатын. Ал 24 жастағы қарсыласының ондай табыстары жоқ еді.
Алдымен А.Кебіспаевты төреші партерге жатқызғаннан кейін түрік балуаны 3:0 есебімен алға кетті.
Екінші кезеңде Алматқа сондай мүмкіндік берілгенде, есе қайтарып, есепті 7:4-ке жеткізді.
Осылайша күрес түрлерінен өткен дүниежүзілік додада Қазақстан құрамасы қос жүлде алды.
Бұған дейін Жәмила Бақбергенова екінші орынға көтерілген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионатында әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенованың күміс жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).