Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің мәліметінше, мемлекеттік инспекторлар тексеру барысында Нидерланд Корольдігінен жеткізілген салат көктері партиясынан және Армения Республикасынан әкелінген 600 дана кесілген гүлден батыс гүл трипсін анықтады.
— Аталған өнім иелеріне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабының 2-бөлігі («Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материалдар процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, — делінген хабарламада.
Министрлік мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде фитосанитариялық бақылау күшейтілгенін атап өтті. Қабылданып жатқан шаралар аса қауіпті карантиндік объектілердің ел аумағына енуі мен таралуының алдын алуға, отандық агроөнеркәсіптік кешенді қорғауға және Қазақстанның фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда құны 5 млн теңгеден асатын заңсыз таңбаланған өнім тәркіленгенін жазғанбыз.