Алматы облысы облигация арқылы миллиардтар тартып жатыр: әкімдік не үшін қарыз алды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - 16 қыркүйекте KASE дерегі бойынша 6 өңір облигация жариялады. Соның ішінде Алматы облысы 12,5 миллиард теңгеге бағалы қағаздар шығарған. Kazinform тілшісі бұл ақша не үшін керек болғанын және жыл басынан бері облыс қанша облигация шығарғанын анықтап көрді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Алматы облыстық әкімдігі 12,5 миллиард теңгені 15,28% жылдық пайызбен 46 айға алуға ниетті

Ол жылу, электр, сумен жабдықтау және канализация желілері мен жүйелерін күрделі жөндеу үшін шығарылған көрінеді.

Бұл – облыстың биылдыққа 6 рет жариялаған бағалы қағазы екен.

Алматы облыстық әкімдігінің Kazinform тілшісіне берген жауабында облыс 2026 жылы 9 миллиард 71 миллион теңге қарыз алғанын мәлімдеді.

• 30 маусымда шығарылым көлемі – 4,25%-бен 2 миллиард теңге.
Бұл кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін шығарылды.
• 17 шілде – 15,1%-бен 3,5 миллиард теңге.
Ол да кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға бағытталды.
• 7 тамызда екі рет бағалы қағаз шығарылды. Біреуі 1,5 миллиард теңге, екіншісі – 502 миллион 813 мың теңге. Екеуі де 14,31%-бен сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін қайта құруға жұмсалады.
• 14 тамыз – 4,25% мөлшерлемемен 1,5 миллиард теңге.
Ол кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтмамасыз ету мақсатында несиелік тұрғын үй сатып алуға бөлінді.

Әкімдік не үшін облигация шығарады?

Облигация – қарыз алу құралы. Әкімдік ақша керек болған кезде KASE-ге облигациялық қағаз орналастырады. Оның мақсаты мен талаптарын көріп, инвесторлардың бірі ақша беруге келіседі. Әкімдік белгілі бір уақыттан кейін ақшасын қайтаруға және қарызды пайдаланғаны үшін пайыз төлеуге міндетті болады.

Қаржы министрлігі әкімдіктер не себепті бюджеттен сұратудың орнына облигацияны таңдайтынын және қарыздық пайыз мөлшері неге әртүрлі болатынын түсіндіріп берді. 

Жергілікті атқарушы органдар муниципалдық облигациялар шығару арқылы бюджет тапшылығын жауып, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыра алады.

- Қаржыны мұндай жолмен тарту республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке сұрау жібергенге қарағанда әлдеқайда ыңғайлы әрі оңай. Ал Ұлттық қордан берілетін трансферттер республикалық бюджетке түседі, яғни жергілікті бюджетке тікелей берілмейді. Республикалық бюджеттен қаржы тарту процесінің қатаң реттелетінін ескерсек, жергілікті бюджетте қаражат жетіспеген жағдайда облигация шығару тиімді баламалардың бірі саналады, - делінген хабарламада.

Әкімдіктер бір жылда тарта алатын қарыздың шекті көлемі бар. Ол бюджет атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісіп белгіленеді. Қарыз облыстың жылдық кірістерінің 10 %-нан аспауға тиіс.

Неге пайыз мөлшерлемесі әртүрлі?

Алматы облысының кей қарыздары 4,25%-бен, ал кейбірі 15%-дан жоғары етіп берілген.

Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, тұрғын үй салуға берілетін қарыздардың пайызы азырақ болады. Себебі мұндай облигацияларды негізінен «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» сатып алады. Бұл жағдайда сыйақы мөлшерлемесі жылдық 0,35% және 4,25% деңгейінде белгіленеді.

Ал жол салу, т.б. жөндеу жұмыстарына коммерциялық ұйымдар ақша береді. Ондайда мемлекеттік бағалы қағаздарды нарықтық шарттармен шығарады.