Алматы облысында көшеде кетіп бара жатқан жігітті соққыға жыққандардың екеуі ұсталды

Фото: видеодан алынған скрин

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Бесағаш ауылында бір топ адам көшеде өтіп бара жатқан жігітті ұрып-соққан.

Жәбірленушінің айтуынша, оны үйіне қайтып бара жатқанда топ болып тұрған адамның бірі «түртіп өткен». Ол ескерту жасағаннан кейін жанжал шыққан. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. 

Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, осы әрекетке қатысты «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қылмыстық іс аясында оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

– Сонымен бірге оқиғаға қатысы бар басқа адамдарды анықтау және олардың орналасқан жерін табу бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Алматы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында, - деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы «Каспий» тұрғын үй кешені ауласында жаппай төбелес болғанын жазғанбыз.

Қалалық полиция департаменті жанжалға қатысқан күдіктілер ұсталғанын хабарлады. Алатау аудандық полиция басқармасы бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.