Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуге 35-ке жуық бала қатысты. Ашық аспан астында өткен жүздесу барысында оқушылар облыс әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын қойып, Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің тарихы мен маңызы туралы пікір алмасты.
Кездесу барысында өңір басшысы Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран тәуелсіз Қазақстанның басты нышандары екенін айтып, оларды құрметтеу әр азаматтың міндеті екенін атап өтті.
– Мемлекеттік рәміздер – біздің тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің және елдігіміздің белгісі. Оларды құрметтеу – туған елге деген құрметтің көрінісі. Әрбір қазақстандық Туымызды, Елтаңбамызды және Әнұранымызды мақтан тұтып, қадірлей білуі керек, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Кездесу барысында облыс әкімі мемлекеттік рәміздерге қатысты қызықты деректермен бөлісті. Әсіресе Қазақстанның Көк Туының ғарышқа көтерілгені және әлемнің ең биік шыңдарында желбірегені туралы мәліметтер балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Оқушылар мемлекеттік рәміздердің авторлары, олардың мән-мағынасы және Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктері туралы сұрақтар қойып, өз ойларын еркін жеткізді.
– Мұндай кездесулер жас ұрпақтың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді. Балалар мемлекеттік рәміздердің тарихын ғана емес, олардың ел өміріндегі маңызын да терең түсінуі қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.
Шара ашық диалог форматында өтіп, оқушылар мен өңір басшысы арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді.