Алматыда 2026 жылы магистралды көшелерді ұзартуға 8 млрд теңге бөлінді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXХIX сессиясы өтті.
Сессия барысында экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов Алматы қаласының 2026-2028 жылдарға арналған бюджетін таныстырды.
Оның айтуынша, 2026 жылы қаладағы көлік инфрақұрылымын дамытуға 504 млрд теңге қарастырылды, бұл жалпы бюджеттің 20 пайызына жуық. Нәтижесінде саланы қаржыландыру 2025 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артады.
— Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына шығатын 3 жолды ұзартуға және қала ішіндегі 4 магистралды көшені ұзартуға 8 млрд теңге қарастырылды, - деді Бауыржан Құдайбергенов.
Одан бөлек ведомство басшысы «Қалқаман» метро бекетінің құрылысын келесі жылы аяқтау үшін 21,2 млрд теңге бөлінетінін атап өтті. Ал өзге жол-инфрақұрылым нысандарына жер телімдерін сатып алу үшін 51,7 млрд теңге жұмсалады.
Сондай-ақ бюджет қаржысы келесі жобаларға бөлінеді:
– Метрополитен және әлеуметтік маңызы бар 206 маршрут бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға – 107,6 млрд теңге;
– «Шығыс» және «Батыс» қақпа полиорталықтарында жолдар салуға – 30 млрд теңге;
– 250 км жолдың, тротуарлардың, веложолақтардың және 40 аялдама алаңының орташа жөндеуіне – 26 млрд теңге;
– Райымбек даңғылы бойымен BRT желісін салуға – 25 млрд теңге;
– Аялдама павильондарында 1 888 электронды табло орнатуға – 4,9 млрд теңге;
– «Ажар», «Боралдай», «Рахат–Мәдениет» шағын аудандарында жолдар салуға – 1,8 млрд теңге бөлінеді.
Алматы мәслихатының депуттары қаланың 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын қолдап, оны бекітті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 2026 жылы 250 шақырым жол жөнделетінін жазғанбыз.