Оның сөзінше, платформаның негізі — Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Қазақ тілінің ұлттық корпусы құрамындағы Ономастикалық ішкорпус болады. Қазірдің өзінде онда мыңдаған жалқы есім мен миллиондаған сөз қолданыс жинақталған.
— Ономастикалық ішкорпус — жалқы есімнің цифрлық базасы. Онда қаланың, ауылдардың, өзеннің, көлдің, таулардың атауы, адам есімі мен басқа да жалқы атаулар жинақталып, жүйеленеді. Сонымен қатар олардың шығу тегі, мағынасы мен қолданысына қатысты ақпаратпен толығады, — деді ол.
Әрлен Сейітбатқалдың айтуынша, қазір базада шамамен 3 мың түрлі жалқы атау мен жалпы көлемі 15 миллионға жуық сөз қолданыстан тұратын мәтін бар. Жоба атауларды бір жерге жинақтап қана қоймай, олардың әрқайсысының артында белгілі бір тарих тұрғанын көрсетуі тиіс.
— Әр атаудың бойында тек сөз емес, мәдени ақпарат та бар. Біз атаудың дұрыс жазылуын, қалай жасалғанын және тарихи тұрғыдан нені білдіргенін көрсетуге тырысамыз. Кейбір атауларда қазіргі адамға түсінікті бола бермейтін көне ақпарат қоса берілген, — деді институт ғылыми қызметкері.
Зерттеуші Жетісу атауын мысалға келтірді. Оның сөзінше, бұл — өңірдің географиясымен ғана емес, тарихымен, мәдениетімен, дәстүрімен де байланысты атау. Дәстүрлі түрде Жетісу Алатаудан бастау алып, Балқаш пен Алакөл алаптарына жататын жеті өзенмен байланыстырылады. Бұл атаудың этнографиялық мәні де бар. Қазақ дәстүрінде «жеті өзеннен өтіп, құда болу» деген ұғым сақталған. Ол алыс рулар мен тайпалар арасында туыстық байланыс орнатуға деген ұмтылысты білдіреді.
Әрлен Сейітбатқал жобаны дамытудың келесі кезеңі Қазақстанның интерактивті картасын жасау екенін атап өтті. Алдағы уақытта жоба қолдау тапса, Ономастикалық ішкорпустың деректерін геоақпараттық жүйемен біріктіру жоспарланып отыр.
— Біз қолданыстағы базаны толыққанды лингво-географиялық платформаға айналдырғымыз келеді. Адам қажетті атауды тауып қана қоймай, оның картадағы орнын бірден көріп, атауға қатысты тілдік, тарихи және мәдени ақпарат ала алады. Мұндай платформа зерттеушілерге, тарихшыларға, географтарға, туризм саласының мамандары мен Қазақстан тарихына қызығатын кез келген адамға пайдалы болуы мүмкін, — деді спикер.
Еске салайық, кафе, мейрамхана мен қонақүйлер авторлық құқықтың цифрлық платформасына қосылады.