Алматыда көлік жуу орындарының 60%-ы суды қайта пайдалану жүйесін енгізді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қанша көлік жуу орны су үнемдеу технологиясын енгізді? Бұл сұраққа Алматы әкімдігі жауап берді.

Фото: pixabay.com

Қазақстан Республикасы Су кодексіне сәйкес, көлік жуу орындары айналымдағы су жүйесіне кезең-кезеңімен көшуге тиіс, яғни пайдаланылған суды тазалап, қайта қолдануы қажет.

Алматы әкімдігі бұл талапты орындамаған нысандарда заңбұзушылық толық жойылғанға дейін ауыз су беру тоқтатылып жатқанын мәлімдеді.

— Бір көлік жуу орны айына орта есеппен 300 мың литрге дейін ауыз суды пайдаланады. Сондықтан суды үнемдеп, тиімді пайдалану — қаланың ең құнды ресурстарының бірін сақтауға қосылатын маңызды үлес, — деп хабарлады әкімдіктен.

Қазір қаладағы 407 көлік жуу орнының 248-і, яғни 60%-дан астамы айналымдағы су жүйесі бойынша жұмыс істейді. Қалған нысандар да бұл жүйеге кезең-кезеңімен көшеді.

Еске салайық, биыл мамыр айында Алматыдағы 140 көлік жуу орнының жұмысы тоқтатылғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ суды қайта пайдалану жүйесін енгізуге автожуу орындары қаншалықты дайын екенін жазған едік.