Оқиғаның бейнежазбасы желілерде жарияланды. Онда алматылықтар қара түсті судың қайдан шыққанын әрі құрамында не бар екенін тексеруді талап етті.
Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері Әуезов ауданы әкімдігімен бірлесіп, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және Бостандық аудандық әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері аталған аумақта тексеру жүргізгенін хабарлады.
Тексеру нәтижесінде анықталған су ағыны — жаңбыр мен қар суын, сондай-ақ бау-бақша суаратын суды ағызуға арналған су құбырының және арық желісінің бір бөлігі екені белгілі болды.
Сонымен қатар қоршаған ортаның ықтимал ластануын болдырмау мақсатында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су үлгілері алынған.
- Тексеріс нәтижелері бойынша экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда құзыретті органдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде тиісті шаралар қабылдайтын болады, – делінген экология басқармасының мәлімдемесінде.
Еске салайық, Алматыда экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындарға 34 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.