Алматыдағы компаниялар жалақы бойынша 130 млн теңгеден астам берешегін өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда биыл айдың ішінде 240-тан астам жұмысшы өзіне тиесілі жалақысын қайта алды. Қала кәсіпорындары қызметкерлеріне жалпы 130,7 миллион теңге берешегін өтеген.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Серік Оразбеков мәлімдеді.
Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында еңбек инспекторлары 634 тексеру жүргізіп, 638 заң бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 603-і еңбек қатынастарына, 34-і еңбек қауіпсіздігіне, бір жағдай жұмыспен қамту саласына қатысты болды.
Жұмыс берушілерге 414 нұсқама беріліп, олардың 97%-дан астамы орындалған. Сондай-ақ 335 ұйым мен кәсіпкерге 62,8 миллион теңге айыппұл салынып, оның 44,4 миллионы өндірілді.
Мысалы, «Казэлектропривод» ЖШС 27 қызметкерге 24,4 млн теңге, ал банкрот болған «ДК Кардинал» ЖШС 35 адамға 41,1 млн теңге жалақы төлеген.
Серік Оразбековтың айтуынша, алдағы уақытта еңбек қатынастарының ашықтығын арттыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр.
– Егер еңбек шарты Бірыңғай электрондық жүйеге енгізілмесе, айыппұл салынады. Сондықтан жұмыс берушілерге осы мәселені назарға алу қажет, - деді ол.
Жыл басынан бері еңбек инспекциясына 5 мыңнан астам өтініш түскен. Мамандар 7 кездесу өткізіп, 400-ден аса адамға еңбек құқығы бойынша кеңес берген.
Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы №8 «Ақбота» санаторий-бөбекжай-балабақшасының 70-тен аса қызметкеріне шілде айынан бері айлық төленбегінін жазғанбыз. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы шоттарына да ақша түспеген.