Алматыдағы тексеріс кезінде әр екінші көлік экологиялық норманы бұзғаны анықталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 3 ақпан күні Алматыда автокөліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігін тексеру бойынша бақылау шаралары өтті. Тексерістерді Eco Almaty ЖШС Алматы полиция департаментімен бірлесіп, мегаполистің әртүрлі ауданында аспаптық өлшеулер арқылы жүргізді.
Қалалық экология және қоршаған орта басқармасының өкілдерінің мәліметінше, Сайын мен Дулати көшелерінің қиылысында мамандар 30 автокөлікті тексерді. 16 көлікте рұқсат етілген экологиялық көрсеткіштің артуы тіркелді. Оның ішінде екі заңбұзушылық дизельді қозғалтқышы бар көліктерден, тағы 12-сі бензинмен жүретін автокөліктерден анықталды.
Қосымша тексеру Сүйінбай даңғылы мен Бекмаханов көшесінің қиылысында ұйымдастырылды. Мұнда 20 автокөлік тексерілді. Экологиялық нормативтердің артуы дизель отынымен жүретін 6 көліктен анықталды.
– Жалпы 50 автокөлік тексеріліп, заңбұзушылықтарға байланысты 22 әкімшілік хаттама толтырылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 334-бабы 1-бөлігіне сәйкес, шығарындыларындағы ластаушы заттардың мөлшері немесе шу деңгейі белгіленген нормадан асатын автокөліктерді пайдалану жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғаларға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, автокөліктерді бақылау 2025 жылы 30 желтоқсанда бекітілген Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидалары аясында жүргізіліп жатыр. Құжат автокөлік құралдарын қосқанда, шығарындылар көздеріне экологиялық бақылауды күшейтуге және әсіресе қолайсыз метеорологиялық жағдайда ауаның ластануын азайтуға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда экологиялық шектеулері бар аймақ белгіленгенін хабарлағанбыз.