Денсаулық сақтау министрлігі өзіне қарасты 37 ұйымның ғылыми нәтижелілігіне ауқымды бағалау жүргізуді аяқтады. Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді. Екі мекеме бойынша нақты шешім қабылданып, қалған ұйымдарға көрсеткіштерді жақсарту жөнінде тапсырмалар берілді. Бұл жұмысқа Жоғары аудиторлық палата 2025 жылы жүргізген мемлекеттік аудит негіз болды.
Тексеру қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне сала ұйымдарының ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметіне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, шара қабылдау тапсырылды.
2025 жылы жүргізілген кешенді бағалау 37 ұйымды қамтыды: клиникалық бейіндегі 19 ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми орталық, клиникалық емес бейіндегі 10 ғылыми ұйым, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін 8 медициналық ұйым болды. Мекемелер ғылыми зерттеулерден түсетін кірістер көлемі, жарияланым белсенділігі, ғылыми жұмыстардан дәйексөз келтіру көрсеткіші, патенттердің бар-жоғы, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру деңгейі мен инновациялық қызмет, сондай-ақ халықаралық ғылыми іс-шараларға қатысу деңгейі бойынша бағаланды.
Талдау нәтижелері Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бірлескен отырысында қаралды. Нәтижесінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеу тәуекелдері бар ұйымдар бойынша нақты шешімдер қабылданды.
— Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ғылыми ұйым мәртебесін сақтап қалу ұсынылды. Бұл трансфузиология және қан қызметі саласында республикалық деңгейдегі жалғыз мамандандырылған ұйым әрі саланы ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Орталықтың жұмыс ерекшелігін ескере отырып, ғылыми және инновациялық қызметтен түсетін кірістер үлесі бойынша қолданылатын индикаторды қайта қарау туралы шешім қабылданды. Ең төмен нәтиже көрсетіп, жекелеген талаптардың орындалуын қамтамасыз етпеген «Б. О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ-ға қатысты белгіленген индикаторларға қол жеткізу үшін шұғыл шаралар қабылдау туралы шешім қабылданды. Егер 2026 жылдың қорытындысы бойынша нәтижелер қанағаттанарлықсыз болып қалса, ұйымның ғылыми ұйым ретіндегі мәртебесі қайта қаралады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми орталықтар мен медициналық жоғары оқу орындарының бірінші басшыларына: отандық және шетелдік ғылыми гранттарды тартуды күшейту; халықаралық көпорталықты клиникалық зерттеулерге белсенді қатысу; ұлттық және халықаралық патенттер алуды арттыру; ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруды дамыту; ғылыми және сынақ зертханаларын, биобанктерді, технопарктерді және ғылым бойынша жобалық офистерді қоса алғанда, инфрақұрылымды одан әрі дамыту тапсырылды.
Жүйелі мониторинг жүргізу және алдағы бағалаулардың объективтілігін қамтамасыз ету үшін С. Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығына ҒЗИ, ғылыми орталықтар мен медициналық жоғары оқу орындарының ғылыми қызметі туралы деректерді жинауға, талдауға және валидациялауға арналған цифрлық платформа құру мәселесін пысықтау ұсынылды.
Сонымен қатар ғылыми ұйым мәртебесін беру және қайта қарау қағидалары жаңартылды: шарттар нақтыланып, нәтижелілікті бағалаудың барынша айқын өлшемшарттары енгізілді, зерттеулерді бағалау рәсімі жетілдірілді, ал қағидалар ұлттық талаптар мен халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілді. Осылайша, денсаулық сақтау ұйымдарының ғылыми қызметіне ауқымды бағалау толық көлемде жүргізілді.
Ұйымдардың ғылыми ұйым мәртебесін сақтауының негізділігі қаралды. Нәтижесінде басқарушылық шешімдер қабылданып, жекелеген мекемелердің қызметін белгіленген талаптарға сәйкес келтіру жөніндегі шаралар айқындалды. Жоғары аудиторлық палатаның қалған нұсқамаларының орындалуы бақылауда.
Осыған дейін Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігінің бюджетін тексеруді бастағанын жазғанбыз.