«Үй бағасына қатысты мәселенің бәрі - уақытша құбылыс»
Мегаполисте көпқабатты үйдегі пәтерін сатуға қойғандар көбейді. Алайда, алушыларды жер үйді жалдау бағасы қызықтырып отыр. Қазір бір қабатты үйді бір тәулікке жалға алудың орташа бағасы – тұрған жеріне, жабдықталуына қарай 70-100 мың теңге аралығында. Ал қала сыртында – шамамен 10-35 мың теңге.
Қазақстан риелторлары біріккен қауымдастығының президенті Лариса Степаненко үй бағасына қатысты мәселенің бәрі уақытша құбылыс деп санайды.
«Бұл – бәріне таныс сценарий. Жер үйге, учаскелер мен саяжайға деген қызығушылық артады. Ал, көпқабатты үйлерде сатылатын пәтерлер саны көбейеді. Әсіресе, жоғары қабаттағы пәтерлер сатылымға қойылады. Олардың иелері баспаналарын тезірек сатып жіберу үшін, оның бағасын төмендетуге мәжбүр болуы мүмкін», - дейді сарапшы.
Айтуынша, дәл қазір үрейге бой алдырмайтын, тек жақсы ойлайтын адамдар үшін пәтерді тиімді бағаға сатып алуға мүмкіндік туып тұр.
«Жер сілкінісінен кейін адамдар жер үйде тұрған қауіпсіз деп санап, көшуге ниетті. Дегенмен қазір баға бірқалыпты. Жер үйге деген сұраныс уақытша. Оның бағасы өссе де, сатып алушылар көп болады деп айта алмаймын. Сондықтан, біз адамдарға түсіндіріп жатырмыз, бағаны көтерудің қажеті жоқ. Егер, сатып алушы пайда болса, тек келіссөз жүргізумен ғана шектеле тұрған абзал», - дейді ол.
Сонымен қатар, ол осы жолы алматылықтар жер үйге қашып, қысқа мерзімге жалдауға айтарлықтай құлық танытпағанын жеткізді.
«Қаңтардың 23-інде болған жер сілкінісі алматылықтарды дүрбелеңге салғаны рас. Алайда, осы жолы мүлдем басқаша болды. Тұрғындар сабырлық танытқан сыңайлы. Бізге жапондықтардан үйрену керек. Сейсмикалық қауіпті аймақта тұрғандықтан жер сілкінісіне қалыпты жағдай ретінде қараған жөн шығар. Ең бастысы үрейге бой алдырмай, дер кезінде дұрыс әрекет ету», - дейді Лариса Степаненко.
«Бағаның құлдырауы ешқашан болған емес және болмайды да»
Жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы, жоғары санатты риелтор Александр Вайнштоктың сөзінше, Алматыда туып өскендер жер тербелісіне аса мән бермейді.
«Алғашқы қуатты жер сілкінісінен кейін кейбір тұрғындар тұрғылықты жерін өзгерту туралы шынымен ойланды. Олар – негізінен басқа өңірлерден қоныс аударғандар мен мұндайды бұрын-соңды көрмегендер. Ал мегаполисте туып өскен алматылықтар жер сілкінісіне аса мән бермейді. Сондықтан қазір көпқабатты үйлердегі пәтерлердің арзан бағаға сатылымға қойылғанын немесе сатылып кеткенін көріп тұрған жоқпыз. Бұл уақытша ғана екенін түсінуіміз керек», - деді ол.
Оның айтуынша, екі елеулі жер асты дүмпуінен кейін көптеген тұрғын жеке үйді жалға алып жатыр. Бірақ, сатып алу туралы ұсыныс жоқ.
«Бүгін Алматыда тұрғын үй бағасы салыстырмалы түрде арзандады, бірақ қазір сатып алушылар да аз. Халық әлі жылжымайтын мүлікке инвестиция салуға дайын емес. Жақында болған жер сілкінісінен кейін біздің агенттікке қоңыраулар аз түсті, бірақ бүгіннен бастап адамдар ақырындап хабарласып, қызығушылық танытып жатыр. Баға соншалықты бір төмендеді деп айта алмаймын, мұндай құлдырау ешқашан болған емес және болады деп ойламаймын», - деді сарапшы.
Спикер Алматы елдің қаржы орталығы болғандықтан, жер асты дүмпулеріне қарамастан тұрғын үйге сұраныс қашанда жоғары болғанын және бола беретінін айтты.
«Жер үйлер мен саяжайларды жалдағысы келгендер көп болды»
Krisha.kz сайтының сарапшылары да Алматыдағы кезекті жер сілкінісінің нарыққа қалай әсер еткенін салмақтады: Соңғы тәулікте мегаполисте пәтер сату туралы жаңа хабарландырулар көбеймеген. Мамандардың айтуынша, жер сілкінген күні қала сыртындағы жер үйлер мен саяжайлардағы баспанаға сұраныс көбейді. Дені қысқа мерзімге жалға алғысы келген. Мұндай үйлер қала маңындағы Алматы облысына қарайтын аудандарда орналасқан.
«Жер сілкінген күні бір тәулікке ғана алсақ деп хабарласқандар көп болды. Соның жарнамасына сұраныс үш есе өсті. Бірақ кешеден бері қайта басылды», - дейді Krisha.kz сарапшылары.
Сонымен қатар, қазір үйлер мен саяжайлар бағасында ешқандай өзгеріс байқалмайтынын жеткізді.
«Қаңтар айында Алматыда үйлерге қатысты жасалған келісімдер 36%-ға төмендеді, бірақ мұны көрсеткіш деп санаудың қажеті жоқ. Біріншіден, дәстүрлі түрде қаңтарда сату мен сатып алу азырақ болады, екіншіден ай соңында жер сілкінісі болып, сатып алуға уақыт болмады», - дейді мамандар.
«Соңғы сейсмикалық жағдай шынымен де көптеген тұрғынды қорқытты»
Шаһардың ортасында, жаңа көпқабатты тұрғын үй кешенінде тұруды армандайтын Назым жер дүмпуінен кейін ойын өзгерткен.
«Біз Алматының төменгі бөлігінде жер үйде тұрамыз. Жыл басынан бері екі рет жер сілкінді. Жер үй болса да, екеуі де қатты сезілді. Қаңтарда көпқабатты үйде тұратын туысқандар мен таныстар бізге келді. Бірақ сол кезде жер үйге көшеміз дегендерің біреуі де үй сатып алды. Бұрын қаланың қақ ортасында, жаңа үйде тұруды армандайтын едім, бірақ мына жағдайдан кейін ойым өзгерді. Жер үйден көшпейміз деп шештік», - дейді Назым Бейсенбекова.
Алматы қаласының тағы бір тұрғыны аз қабатты үй қауіпсіз деп санайды.
«Бір қабатты үйде төбеден құлайтын ештеңе жоқ. Шатырдан басқа. Сондықтан жер үй 70-80%-ке қауіпсіз», - дейді Ерасыл.
Десе де, қала халқы жер сілкінісін әлі ұмыта алар емес. Күн сайын қайталанатын афтершоктар да еске салып жатыр.
«Мен тоғыз қабатты үйдің бесінші қабатында тұрамын. Жер сілкінісінің жиілеп кеткені алаңдатады. Өзің үшін емес, балаларың үшін қорқады екенсін. Әрине, жер үйге көшкіміз келеді, алайда бағасы шарықтап кеткен. Оның үстіне дәл қазір біздің пәтерді сатып алушы жоқ», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Қуандық Базарбаев.
Сәулетші Жанна Спунер көпқабатты үйде тұратын алматылықтардың қорқып, жер үйлерге ағылуына негіз бар екенін айтты.
«Адамдардың қауіпсіздікте өмір сүруге деген ұмтылысы – негізгі түйсік. Соңғы сейсмикалық жағдай шынымен де көптеген тұрғынды қорқытты. Осы жерде «Қандай үйде тұру қауіпсіз?» деген заңды сауал туындайды. Бұл ғимараттың жер сілкінісіне төзімді құрылыс нормаларына сәйкес келетініне байланысты. Мысалы, көпқабатты үйлерге қарағанда заң бұзушылықпен салынған жеке үйлер қауіпті болуы мүмкін. Жер сілкінісі кезінде жеке тұрғын үйдің артықшылығы, тезірек сыртқа шығуға мүмкіндік бар. Бірақ олар 100 пайыз қауіпсіз деп айту мүмкін емес», – дейді ол.
Айтуынша, қаладағы тұрғын үйлер негізінен 7-9 балға шыдас береді. Дегенмен, көп нәрсе топыраққа және басқа да техникалық факторларға байланысты.
«Бұл жерде айта кететін жайт, қауіп зілзала ошағының жақындығы мен процестің ұзақтығына қарай артады. 4 наурыздағы жер сілкінісі вертикалды және қысқа болды, егер ол Түркиядағы сияқты ұзаққа созылған болса, сейсмикалық төзімді емес ғимараттарға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін еді. Сондықтан бәрі жер сілкінісінің ұзақтығы мен қуатына байланысты», – дейді сәулетші.
Жанна Спунер сейсмикалық қауіпсіздікке жаңа әдістер енгізу керектігін атап өтті.
«Мысалы, ғимараттардың іргетастарын пассивті сейсмикалық қорғау түрлерін енгізу қажет. Мұндай жүйе арнайы құрылғылардың арқасында жер сілкінісінің жойқын әсерінен қорғайды. Зерттеулерге сүйенсек, монолитті темірбетоннан салынған ғимараттар жер сілкінісіне төзімді болады», - дейді маман.