Алматы халқының 25 пайызы аллергиядан жапа шегеді

АЛМАТЫ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Аллергия әлемдегі ең кең таралған дерттердің бірі болып табылады.


 Жаһандық статистика мәліметтері бойынша әлем халқының әрбір төртінші-бесінші адамы аллергиямен ауырады. Сарапшылар бүгінде Алматы тұрғындарының 25 пайызы аталмыш дерттен жапа шегетіндігін және бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын артуда екендігін жариялап отыр.

Мамандардың айтуынша, Алматыда Қазақстанның өзге қалаларымен салыстырғанда аллергиямен ауыратындар деңгейі анағұрлым жоғары. Бұған қоршаған ортаның ластануы (әсіресе ауаның), табиғи емес тағамды жиі пайдалану, тұрмыстық химияның кеңінен таралуы, сондай-ақ қала тұрғындарына түсетін эмоционалды ауыртпалық деңгейінің жоғары болуы себеп болып отыр.

Алматы қаласының аллергология орталығының маманы Ирина Николаевна Евсееваның айтуынша, поллиноз елімізде кең таралған аллергия түрлерінің біріне жатады. «Халық арасында бұл тұқым лихорадкасы деген атаумен белгілі. Ол өсімдік тозаңдарына аллергиялық реакция ретінде білінеді. Алматыда бұл аллергия түрінің көптеп таралуына жергілікті климаттың ерекшелігі себеп болып отыр. Оңтүстік астананың географиялық орналасуы, жаз кезеңінің ұзақтығы, жоғары температура мен жел поллиноз дертінің көбеюіне әсер етеді. Алматы тұрғындары арасында сондай-ақ тағам аллергиясы да көптеп кездеседі. Аталған кесел балалар арасында жиі ұшырасады және бұл сәбилердің азық қорында көптеген қосындылар мен табиғи емес қоспалардың пайда болуына орай туындайды. Бұған қоса, дәрі-дәрмек аллергиясы да алматылықтар үшін көп таралған дерт түріне жатады. Оған саналуан дәрілерді жөн-жосықсыз қабылдау мен өзін-өзі емдеу себеп болады», - дейді И. Евсеева.

Қазіргі кезде Алматыда аллергиядан жапа шегетін жандарға көмек көрсететін 4 мамандардырылған мекеме жұмыс істейді. Атап айтқанда: ҚР Президент Іс басқармасының медициналық орталығының орталық клиникалық ауруханасы жанындағы аллергология орталығы; Қалалық аллергология орталығы (Аймақтық диагностика орталығы жанындағы аллергоорталық); Республикалық аллергология орталығы; №7 емхана жанындағы қалалық балалар аллергология орталығы.

Аталмыш мекемелер аллергиядан емдеуге бағытталып, онда осы саланың мамандары жұмыс істейді, заманауи жабдықтарға және стационарларға ие. Бұдан өзге, шаһарда 30-ға тарта мамандандырылмаған медицина орталықтары бар. Дегенмен мекемелердің жеткілікті болғанына қарамастан, аллергияға шалдығатындар саны жыл сайын артып келеді. Ирина Николаевна сөзіне сүйенсек, аллергияға шалдығу деңгейін төмендету үшін медицина орталықтарының қызмет деңгейін көтеру керек. Әсіресе диагностикалау мен емдеудің жаңа әдіснамалары жүзеге асыру үшін білікті мамандар мен қаржының жеткіліксіздігі байқалып отыр. 

Сарапшылардың көпшілігі аллергиядан түпкілікті емделіп шығу мүмкін емес деген пікірде. Мысалы, дертті адам мерзімдік айығуға немесе бірнеше жылға созылуы мүмкін емделу курсынан өткен соң айығуға ұшырайды. Алайда аталған кезеңдер өтіп кеткен соң олар қайтадан дәрігер көмегіне жүгінеді деген ойды алға тартады.

Әрине, емделудің оң нәтижелері дұрыс диагностикаға және таңдалған әдіске көп байланысты болады, бұған қоса сырқаттың өз денсаулығына қарым-қатынасы да жетістікке қол жеткізуге берер әсері мол. Аллергология мамандарының айтуынша, тұрғындардың көпшілігі асқынған дертін жойғаннан кейін, емді жалғастыру үшін қайтадан дәрігерге бармайды. Бұл жағдай да оңтүстік астанадағы аллергиктер мөлшерінің артуына себеп болады.

Жаңа технологиялар емдеу-диагностикалық орталығының маманы Зайтуна Нұрахметқызы Тұрдиева тұрғындардың дәрігерге қатынауын үзуге басты себептердің бірі қаржылық мәселеге тірелетіндігін айтады. Алматы қаласының клиникаларындағы аллерголог дәрігерге қаралудың орташа құны 1 500 - 2000 теңгені құрайды, бұл ең төменгі шығын. Емделуге кететін қаржының басым бөлігі емделуге және аллергияны диагностикалауға кетеді. Емдеу әдісіне орай диагностика құны 1000-нан 6 500 теңге аралығында болуы мүмкін, емделу одан да қымбаттау. Арнайы препараттарды қабылдау 30 000 теңгеге дейін барады, ал ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының орталық клиникалық ауруханасы жанындағы аллергология орталығында емделу  49 000 теңгені құрайды.

Сөзімізді қорыта айтқанда, тағам немесе дәрі-дәрмек аллергиясымен ауыратын жандарға күнделікті өмірде ағзаға кері реакция беретін құрамында аллергені бар заттарды қолданбау керек. Ал поллиноз аллергиясына шалдыққандарға жоғарыдағы тәсілді қолдану мүмкін болмаса, онда радио мен телевидение арқылы айтылатын түрлі өсімдіктердің гүлдену науқаны басталғаны туралы хабарландыруларға құлағы түрік жүргені жөн. Бұл әдіс батыс елдерінде кеңінен пайдаланылады, ол гүлдеу кезеңінде алдын ала шаралар қолданып, гүл тозаңына сезімталдықты әлсірететін препараттарды дер кезінде қабылдауына сеп болады.