Алматы қаласының экологиялық тазалығы үшін автокөліктерді «Еуро-5», «Еуро-6» стандарттарына көшіретін кез жетті - ЕО сарапшысы

АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алматы қаласының экологиялық тазалығы үшін автокөліктерді «Еуро-5», «Еуро-6» стандарттарына көшіретін кез жетті. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Еуропалық Одақтың «Қазақстан Республикасында экологиялық саясаттың құралдарын енгізу» атты жобасының таныстырлымы барысында жобаның бас сарапшысы Болат Есекин осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы қаласындағы автокөліктер үшін «Еуро-2» стандарты ескірді. Шындығында, бұл стандартты енгізерде көптеген пікірталастар туғаны белгілі. Дегенмен, халықаралық сарапшылар аталмыш «Еуро-2» стандартын экологиялық бақылау жүйесі үшін алғашқы қадам деп қана бағалайды әрі бұл Еуропада осыдан он бес жылдай бұрын қабылданған. Осы стандартты негізінен өздерінде автоөндірісі дамымаған елдер қабылдаған болатын. Ал Алматы қаласына келетін болсақ, бұндағы көліктердің басым бөлігі шетелден әкелінген, ескірген көліктер, бензин де сырттан тасылады әрі сапасы да өте төмен. Сондықтан да, қала экологиясын жақсарту үшін автокөліктерді «Еуро-5», «Еуро-6» стандартына көшіретін кез жетті. Осыны ескеру қажет. Ал негізгі ластаушы көздердің бірі көліктер болып табылатын Алматы секілді қалада «Еуро-2» стандартымен ауаны жақсартуға күресіп жатырмыз деп үміттенуге мүлдем болмайды», деді Б. Есекин.

Сонымен бірге, бас сарапшы Алматы экологиясы үшін қоғамдық көлік түрлерін де жақсарту қажеттігін алға тартты. Оның пайымдауынша, егер қоғамдық көлік шетелдегідей жайлы болса, азаматтар жеке басына көлік иеленуге соншалықты құмартпас еді. «Еуропаның әсем қалаларының бірі Венада көптеген қызметкерлер қоғамдық көлікті пайдалануды жөн көреді. Өйткені, бұл жайлы әрі уақыт үнемдеу тұрғысынан да тиімді. Ал жеке автокөліктер үшін осы қалада бірқатар шектеулер, қосымша төлемдер қарастырылған», деді Б. Есекин.