Алматы облысы елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізеді

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласы тұрғындары үшін Алматы облысының барлық аудан, қалалары тауар өндірушілерінің қатысуымен жыл сайын жәрмеңке өткізу тұрақты дәстүрге айналған.

Биылғы жылдың 15 қыркүйегінде елорда әкімдігі алдындағы алаңда өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 16 аудан мен 3 қаланың тауар өндірушілері мен өңдеуші кәсіпорындары және «Жетісу» ӘКК қатысады, деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.  

Жәрмеңкеде 125,0 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы тауары саудаланады. Атап айтқанда 77,9 млн. теңгеге 73730 кг ет өнімі, 5,7 млн. теңгеге - 9100 кг. шұжық, 7,6 млн. теңгеге - 124 905 кг көкөніс, 3,6 млн. теңгеге - 34635 кг жеміс-жидек, 4,7 млн. теңгеге - 76745 кг. картоп, 1,7 млн. теңгеге - 11000 кг қант, 1,6 млн. теңгеге -11500 кг тазартылған күріш, 1,6 млн. теңгеге - 21000 кг 1-ші және жоғары сұрыпты ұн, 1,5 млн. теңгеге - 2000 литр өсімдік және күнбағыс майы, 14,9 млн. теңгеге басқа да азық-түлік тауарлары сатылады деп жоспарланған.