Алматы облысы тұрғындарының 51 пайызын əйелдер құрайды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы тұрғындарының 51 пайызын əйелдер құрайды. Аймақ бойынша мемлекеттік қызметте 7549 адам болса, оның 48,7 пайызы - əйел азаматтар.

Бүгін бұл жөнінде Алматы облысы əкімінің міндетін атқарушы Лəззат Тұрлашов Халықаралық əйелдер күніне арналған салтанатты жиында мəлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мəдениет үйінде өтіп жатқан мерекелік шараға əр салада табысты еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне өзінше үлес қосып жатқан нəзік жандыларға  құрмет көрсетілді. Бірқатары облыс əкімінің құрмет грамоталары жəне алғыс хаттарымен  марапатталды. Сондай-ақ көпбалалы аналар алтын мен күмістен алқа тақты.

"Қазіргі таңда қоғамдық өмірдің кез келген саласын əйелдерсіз елестету мүмкін емес.Əйел-Ананың қоғамдағы рөлі ерекше.Олар отбасына да, Отанға да қызмет етуде. Мына өмірде сіздерден тарайтын шуақ ешқашан азаймасын. Асыл қасиеттеріңіз мəңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын. Мереке құтты болсын!",  - деп білдірді ізгі ниетін Лəззат Тұрлашов.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.