Алматы облысында 2012 жылы туризмнен бюджеттік түсім 3 миллиард теңгеден асты

АЛМАТЫ. 11 маусым. ҚазАқпарат - Алматы облысының инфрақұрылымы туристердің үлкен ағынына қазір дайын емес. Оны облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов бүгін Алматыда облыс туризмінің тартымды мүмкіндіктері туралы баспасөз мәслихатында айтты.

«Туризмді дамыту Алматы облысында тек соңғы жылдары ғана қолға алынып жатыр. Әрине, ол үшін қажетті инфрақұрылымды жасау керек. Ал ол жолдан басталады. Сондықтан биыл Алакөлге баратын жолды жөндеуге қаржы бөлдік. Қазір ондағы жолдың 55 пайызына жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ Түрген жолына да жөндеу жұмысы басталады. Ал Көлсайға баратын жолды жаңарту 2014 жылдың жоспарына енеді», - дейді С. Мұқанов. Қазір республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жолдардың бәрі жөндеу жоспарына енген.

Оның айтуынша, биыл облыс әкімдігінің құрылымында туризм басқармасы пайда болмақ.