Алматы облысында арнайы жасақ әскерлері кәсіпкерді бопсалаған күдіктіні қолға түсірді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы ІІД полицейлеріне Еңбекшіқазақ ауданының 49 жастағы тұрғыны, кәсіпкер жүгінді. Ол өзі аса танымайтын, ер адам бопсалағанын, өміріне қауіп төнгеннен кейін 2000 доллар бергенін хабарлаған.

«Жедел-іздестіру шараларының барысында Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтады, ол 28 жастағы Талғар қаласының тұрғыны болып шықты. Күдікті ұрлық, қарақшылық жасағаны үшін бұдан бұрын жауапкершілікке тартылған қауіпті қылмыскер болғандықтан, оны ұстауға арнайы жасақ әскерлері тартылды», - деп атап өтті облыстық полициядан. 2 маусымда «Алматы - Көкпек - Көктал» тас жолында ұсталған күдіктінің көлігінен 9 мм калибрлі төрт патронмен «МР-80-131» маркалы травматикалық тапанша тәркіледі. Тәркіленген қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалып, ҚР ҚК 194-бабы (бопсалау) қылмыстық іс материалына тіркелді. Күдікті қамауға алынды.