Алматы облысында елге заңсыз келген екі шетелдік азамат өз отандастарын өлтірген

ТАЛДЫҚОРҒАН. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Еңбекшіқазақ АІІБ-ға келіп түскен жедел ақпаратқа сәйкес, шаруа қожалықтарының бірінде адам өлтірілген.

Тексеру кезінде бұл ақпарат расталды - Маловодное ауылына жақын жерде қазба жұмыстарын өткізу кезінде кеуде қуысына пышақ салынған жарақатымен ер адамның мүрдесі табылды. Оның  Қазақстанда заңсыз жүрген Өзбекстан азаматы болып шыққаны анықталды.

Жедел-іздеу шараларын өткізу барысында тәртіп сақшылары жәбірленушінің отандастары болып табылатын екі күдіктіні ұстады. Олардың үшеуі де шаруа қожалықтарының бірінде жалданып жұмыс істеген. Спирттік ішімдіктерді ішу кезінде олардың арасында ұрыс-керіс туындап, оның соңы адам өлтірумен аяқталды. Қылмысты жасыру мақсатымен күдіктілер отандасының денесін Маловодное ауылының шетінде жерге көміп тастаған.

Қазіргі кезде олар Еңбекшіқазақ АІІБ-ның уақытша ұстау абақтысына қамалды. Аталған фактімен қылмыстық іс тіркелді. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған шаруа қожалығының иесі әкімшілік сипаттағы жауапкершілікке тартылуда.