Алматы облысында қылмыстық топ қарусыздандырылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматы облысында қылмыстық топ қарусыздандырылды.

Алакөл АІІБ-нің кезекшілік бөліміне жергілікті тұрғындардың бірінің үйіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шыққан тергеу-жедел тобы бетперде киіп алған екі белгісіз адам  есікті сындырып кіріп, тапаншамен қорқытып, ақша талап еткенін анықтады. Алайда үйдің қожайыны келушілерге қатты қарсылық көрсеткен соң оларға қашуға тура келген.

Тергеу-іздеу шараларының барысында жергілікті полиция қарақшылық жасауға күдікті деп танылған 23-25 жастағы үш ер адамды ұстады. Қолға түскендер мойындау түсініктерін беріп, тергеушілерге қылмыста қолданылған пневматикалық тапанша, бетперделер, қолғаптарды көрсетті.

Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, ҚР Қылмыстық кодексінің 179 бабының 2 бөлімі бойынша қозғалған қылмыстық іс Алакөл АІІБ-гі тергеушілерінің өндірісіне алынды. Ұсталғандар қамауда жатыр.