Алматы облысында нан, сүт пен тауық етінің бағасы тұрақты

ТАЛДЫҚОРҒАН. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Қолға алынған шаралар нәтижесінде Алматы облысында бірінші сұрыптағы бидай нанына баға өзгерген жоқ: облыс орталығында 43 теңге, аудандар мен қалаларда бір бөлке нанның бағасы 41-45 теңгені құрап отыр,

деп хабарлады Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасының рынокты мемлекеттік реттеу, маркетинг пен бағалар менеджменті бөлімінің бастығы Надежда Крохмалюк.

Нанның бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында «Агро Фуд» ЖШС Қапшағайдың ұн өндіру комбинаты арқылы «Азық-түлік кооперациясы» ҰК» Акционерлік қоғамынан азық-түлік бидайының жүз мың тоннасын сатып алу туралы меморандумға қол қойылды.

«Ұн өндіру комбинаты облыстың наубайханалары үшін бірінші сұрыпты ұнды келісі үшін 45 теңгеге өткізуде. Өткен жылдың 31 желтоқсанына шаққанда ұн-жарма комбинаты наубайханаларға 1 857 тонна бірінші сұрыпты ұнды өткізді, оның ішінде Талдықорған қаласының наубайханалары 672 тонна ұнға ие болды», - деп хабарлады Н.Крохмалюк.

Оның хабарлауынша, макарон өнімдері, күріш, сүт, айран, тауық етінің бағасы тұрақты болып отыр.