Алматы облысында Талғар қаласының бұрынғы әкімі бас бостандығынан айырылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Пара алу үстінде ұсталып, алаяқтығы үшін шартты түрде 5 жылға сотталған Талғар қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жұматай Қасымбаевқа қатысты тағы бір елең еткізер оқиға орын алды.

Жуырда полицейлер қала басшысын тура сот залында қамауға алды. Прокурорлар тағайындалған жазаны тым жеңіл санап, жоғары инстанцияға шағымданды. Судьялар шағым талаптарын орындады.

Облыстық соттың кассациялық сот алқасының қаулысымен Қасымбаевқа жеке мүлкін тәркілеумен 5 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Ол жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтейтін болады.

Еске сала кетейік, ол бір миллион теңгеге жергілікті кәсіпкерге дүкен ашу үшін жер беруге уәде еткен. Қаржы полицейлері пара газетке ораулы күйінде қала әкімінің жұмыс үстелінде жатқан сәтте кіріп келіп, жемқорлықтың алдын алған болатын.

Қасымбаев ұсталған кезде қарсылық көрсетпеген. Өкініп, өз кінәсін мойындаған. Денсаулығының нашарлауына байланысты ол медициналық мекемеде күзетпен ұсталды. Қылмыстық іс қысқа мерзімде аяқталып, сотқа жіберілді.

Еске сала кетейік, Талғар аудандық сотының үкімімен 2013 жылғы 26 шілдеде Ж. Қасымбаев алдау жолымен ірі көлемде бөтен мүлікті иемденбек болғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.