17:14, 10 Қыркүйек 2013
Алматы облысында тәлімбақта өсірілген 4 бүркіт еркіндікке жіберілді
АЛМАТЫ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Зоология институты, Efes Kazakhstan компаниясы және «Сұңқар» жыртқыш құстар тәлімбағы бірігіп ұйымдастырған «Өз үлесіңді қос. Табиғатты сақта» жобасының аясында қамауда өсірілген бүркіттерді табиғатқа жіберу эксперименті аяқталды. Туылған кезінен бастап олар арнайы торларда өмір сүріп, адамның көмегінсіз азық табуды, ерекше жаттығулардың көмегімен өз буындарын қатайтты.
Алматы облысының аумақтық орман және аңшылық шаруашылықтары инспекциясының өкілдері, Зоология институтының және «Сұңқар» жыртқыш құстар тәлімбағының орнитологтары комиссия мүшелері ретінде 5 қыркүйекте ақырғы 4 бүркітті бостандыққа, тағы табиғатқа жіберген көрінеді. Бұл құстар Алматы қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан Манул аңшылық шаруашылығының аумағына жіберілді. Онда тәжірибе аясында мамыр айында жаңадан туылған бүркіттің 3 балапаны ұяларға қондырылған болатын. Мамандардың айтуы бойынша, аталған бүркіттер табиғатқа тез бейімделіп кетті. Маусым айында олар асыраған ата-аналарының ұясынан ұшып, қазір өздігінше өмір сүруде. Бірақ олар өздері сияқты құстардың жанында мекендейді. Соның арқасында орнитологтар үшін бүгін де оларды қадағалауға қолайлы жағдай жасалып отыр «Бүркіт - өзіне арнайы көңілді бөлуді қажет ететін ерекше құс. Біз құстардың жабайы табиғатта өмір сүруге дайын болғандығына көз жеткізгеннен кейін ғана, оларды бостандыққа жібердік», - дейді «Сұңқар» жыртқыш құстар тәлімбағының директоры Ашот Анзоров. Ал ҚР Зоология институтының белгілі орнитологы Андрей Коваленконың айтуынша, егер құсты табиғатқа жібергеннен кейін ол ешқайда ұшып кетпей, сол аймақты мекендесе, тәжірибе сәтті өтті деп айтуға болады. Алдын-ала жасалған зерттеулер бойынша, мамыр айында жабайы жыртқыш құстардың ұяларына қондырылған бүркіттердің келесі жылға дейін өгей ата-аналарының қасында қалатындары белгілі болды. Ал жақында ғана жабайы табиғатты мекендей бастаған құстарды қарастыратын болсақ, олардың табиғатта өздерін қалай сезінетіндігін анықтау үшін, әлі де арттарынан қадағалап, зерттеулер жасау керек. Жалпы биыл «Сұңқар» жыртқыш құстар тәлімбағында дүниеге келген 7 бүркіт «Өз үлесіңді қос. Табиғатты сақта» жобасының аясында жабайы табиғатқа ұшырылды. Қазақстан табиғатындағы бүркіттер санын көбейту мақсатында ұйымдастырылған бұл жоба 2012 жылдың шілде айында басталған болатын. Бірінші кезеңде Зоология институтының орнитологиялық зерттеулері барысында Қазақстанның оңтүстігінде, шығысы мен оңтүстік-шығысындағы бүркіттердің нақты саны 650 екені анықталды. Әлемдегі бүркіт саны 85 мыңға жуық. Жоба аясында ұйымдастырылған бірегей эксперименттің арқасында, бүркіттерді жасанды жағдайда өсіріп, табиғатқа жіберу Қазақстан аймағындағы жыртқыш құстардың жоғалған түрлерінің санын қалпына келтірудің тиімді әдістерінің бірі болмақ. Ұйымдастырушылар бұл жобаны енді алдағы жылы да ары қарай жалғастыруды жоспарлап отыр.