Алматы облысында үш адамның өліміне кінәлі жүргізуші 8 жылға сотталды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Үш адамның өліміне кінәлі көлік жүргізушісіне 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Ескелді аудандық соты оқиғаға кінәлі азамат Құтпанбаевқа қатысты қылмыстық істі қарастырды. 2015 жылдың 24 мамырында ол Алматы-Өскемен күре жолында «Лада 21705» көлігін жүргізіп келе жатқан. Көлікті басқару кезінде ұйықтап кетіп, жолдың қарсы жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан қарсы бағытта Воеводиннің жүргізіп келе жатқан «Ауди-100» көлігімен соқтығысты.

Жол апаты салдарынан «Ауди-100» көлігінің екі жолаушысы мен «Лада» көлігінің бір жолаушысы оқиға орнында көз жұмған.

Ескелді аудандық сотының үкімімен Құтпанбаев М.Е ҚР ҚК-нің 4-бөлімі 345-бабында қарастырылған қылмысты жасауда айыпты деп танылды. Оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Сондай-ақ бұл азамат көлік құралын басқарумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.