Алматы облысында жылына 800 мың тоннадан аса қатты қалдықтар шығарылады
Жиында Алматы облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қ. Байеділов облыс аумағына жылына Алматы қаласынан 450 мың тоннадан аса қатты қалдықтар, ал облыстың елді мекендерінен 350 мың тоннаға жауық, барлығы 800 мың тоннадан аса қалдықтар шығарылатынын баяндады. Бұл жердегі басты мәселе - тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыттың жоқтығы. Сонымен қатар, департамент тарапынан жүргізілген тексерулер барысында Жаркент, Есік, Үшарал қалаларындағы, Бақанас, Ұзынағаш, Шелек ауылдарындағы және басқа да елді мекендердегі полигондардың қоршауы, орналасқан жері тағы басқа жағдайы талапқа сай еместігі анықталған. : - Барлық аудан, қала әкімдері, әсіресе Алматыға жақын орналасқан Іле, Талғар, Қарасай аудандары тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, өңдеу мәселесіне ерекше назар аударып, қалдықтарды өңдеу зауыттарын ашуға жұмыс істеуі керек. Әлемде қоқыстан құрылыс материалдарын, тыңайтқыштар, электр энергиясын өндіріп, пайдасын көріп отыр. Қалдықтарды кәдеге жаратудың осыншалықты мол тәжірибесі бар бола тұра әзірге осы мәселе бойынша мен сіздерден нәтиже көріп отырған жоқпын, - деді облыс әкімі Амандық Баталов. Облыс әкім аудан әкімдеріне қалдықтарды сұрыптау мен өңдеуге қатысты нақты ұсыныс айтып, іске кірісуді қатаң тапсырды.