Сайт мәліметтеріне қарағанда, Алматы облысының Іле ауданына қарасты Күрті ауылдық округінде шұбат өндірісі кезеңімен дамып келеді. Мәселен, Ақши ауылындағы сүт өңдеу цехында жылына 3 жарым мың тонна шұбат өндіріледі. Дертке дауа, жанға шипа болған қазақтың ұлттық сусыны осы жерден еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Сонымен қатар бұл кәсіпорын көршілес Ресейге де жылына 15-20 тоннадай шұбат экспорттап отыр.
Күрті ауылдық округіндегі ойсылқара тұқымының саны 4 мың басқа жетіп қалды. Соның тең жартысы ұрғашы мал. Қыс қатты болғандықтан, буаз түйелер қазір қыстақта тұр. Олар он шақты мал қыстату орталығына бөлінген. Әзірге жем-шөп жеткілікті, қыстан қысылмай шығуымыз керек, деп отыр малшылар.
«530 бас түйе бар осы жерде. Тұқым аламыз осында. Қар болғаннан кейін өріске шықпай жатыр қазір. Шөп салып, қорада ұстап отырмыз. Жеткілікті жем-шөбі»,-дейді түйеші Сұлтанбек Қалибеков.
Еліміз тәуелсіздік алған жылы жеке кәсібін 4-5 ойсылқара тұқымымен бастаған Сыдық Дәулетовтың шаруашылығындағы түйе саны өткен жылы 5 мыңға жеткен еді. Соның мың басы етке кетті. Себебі үкімет шұбаттың литріне 55, ал түйе етінің әр келісіне 90 теңгеден субсидия беріп отыр. Ішкі нарықты емдік қасиеті мол, шипалы сусынмен шама-шарқынша қамтыған кәсіпкер көршілес Ресейге де жылына 15-20 тонна шұбат экспорттайды.