Алматы облысындағы Көктерек өзені тасып, бірнеше ауылдың аулаларын, Сарыөзек-Көктал күре жолының бір бөлігін шайып кетті

ТАЛДЫҚОРҒАН. 19 маусым. ҚазАқпарат - Өткен жексенбіде Панфилов ауданындағы Қоңырөлең ауылының жанынан ағып өтетін Көктерек өзенінде нөсер жаңбырдың салдарынан су деңгейі күрт артты.

Алматы облысы ІІД ІІБ жол-техникалық инспекция бөлімшесінің аға инспекторы Әнуар Битаев мәлім еткендей, екі ауланың шаруашылық құрылыстарын және Сарыөзек-Көктал күре жолының 135 шақырымындағы ені 23 метр жолдың жиегін, 5 метр жол жабындысын, Көктерек өзені арқылы көпірдің бетонды бекітпесін су басты.

«Қазіргі уақытта өтпе жол арқылы кіреберіс бір бағыт арқылы іске асырылуда», - деді А. Битаев.

Апат орын алған жерде жол қызметтері жұмыс істеуде. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.