Аудан әкімінің орынбасары Салтанат Меңлібаеваның хабарлауынша, форум Үшарал қаласының орталық алаңында өтіп, оған негізінен өңір жастары қатысқан. Ал құрметті қонақтар қатарында Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлері, «Нұр Отан» ХДП-ның өкілдері, сондай-ақ аудан тұрғындары болған.
Ұлы Отан соғысы майданында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне тұрғызылған Даңқ және Д.Қонаев ескерткіштерінің алдына гүл шоқтарын қоюдан басталған салтанатты шара жастардың шеруіне ұласты.
Форумға қатысушыларға сөз арнаған аудан әкімі Бағдат Қарасаев мемлекеттің жастар саясатын жүзеге асыруға, жастардың қоғамдық-саяси және экономикалық өмірге араласуына зор назар аударатындығын, дегенмен жастардың өздері де белсенділік, азаматтық, патриоттық таныту керектігін баса айтты. Сондай-ақ ол жастардың жұмысқа орналасуы мәселелеріне арналған өңірлік бағдарламаның жүзеге асырылу барысына жиналғандардың назарын аудартты.
Шара соңында аудан әкімі жариялаған Жеңістің 65 жылдығына арналған көңілділер мен тапқырлар, пікірталас клубтары, авторлық әндер мен шығармалар байқауларының қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздарға түрлі дәрежедегі дипломдар мен құнды сыйлықтар табыс етіліп, шара соңы жастардың қатысуымен әзірленген концертке ұласты.
«Жастар Форумы аяқталды. Сонымен қатар ол өз жалғасын табады. Бұл саяхатта оған қатысушыларды ұмытылмас кездесулер, ерекше оқиғалар және қызықты жаңалықтар күтіп тұр. Оның мақсаты - біздің жастарымызды біріктіру, оларды дұрыс бағытпен, яғни 20 жыл бойы елді дұрыс жолмен алып келе жатқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытымен алып жүру», дейді аудан әкімінің орынбасары Салтанат Меңлібаева.