Жуырда Алматы қаласындағы «Мирас» баспасынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Серікбай Нұрғисаевтың «Қызылағаш: сын сағатта» атты кітабы жарық көрді.
Кітапта Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында болған қасіретті оқиғаның себеп-салдары, төтенше оқиғаны ауыздықтау жолындағы мемлекеттік органдардың бірлесе атқарған жанкешті қимылдары баяндалады. Сол бір қиын кезде отандастарымыздың бірлік үдесінен табыла біліп, аз уақытта қираған ауылды қалпына келтіруі кеңінен сөз болады.
Автор нақты деректер мен фотосуреттер арқылы оқыс оқиғаның ой салар, тағылым алар тұстарын да кеңінен қамтып, жұмыла көтергенге жүк жеңілдігін, бірлескенге алынбайтын қамал, жеңілмейтін зауал жоқтығын жан-жақты ашып көрсетеді.
Бұл қасіретті оқиға жалғыз қызылағаштықтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының, басқа да тілеулес, туысқан елдердің де қабырғасын қайыстырды. Қайырымдылық шараларынан ешкім тыс қалған жоқ. Бұған республика аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, оқу орындары, қысқасы, бүкіл республика жұртшылығы атсалысты. Сонымен қатар көршілес, бауырлас елдерден де көмектер келіп жетті.
Ел болып, жұдырықтай жұмылып, қайғылы жандарды сабырға шақырды, қуат берер жылы сөзбен демеп, көңіл айтып, қайғыларын бөлісті. Азық-түлік, киім-кешек, қаржылай қайырымдылық көмек жер-жерден толассыз ағылды.
Елбасымыз Н.Назарбаев апатты ауыздықтауды алғашқы күннен бастап қолға алып, жауапты адамдар мен мүдделі мекемелерге тапсырмалар берді. Осындай қиын кезде ең басты ауызға алып айтарлық жай, Елбасы бастаған ел азаматтарының бойынан сабырлылық, төзімділік, бауырмалдық, имандылық, қайырымдылық сияқты ізгі қасиеттер шынайы көрініс берді.
«Бұл аса үлкен апаттың елімізге, Елбасына, халқымызға, бәрімізге де сын болғандығы анық. Ұйымшылдықтың, ұлтаралық татулықтың арқасында сол сыннан сүрінбей өттік. Көмек қолын созушылар ұлтына, тегіне, дініне қарамастан, қолдан келген жәрдемін аямады. Мен халықтың бірлігін көрдім. Барлық қиындықты бүкіл ел болып көтеріп алды», - дейді кітап авторы депутат Серікбай Нұрғисаев.
Қысқа уақытта Қызылағаш ауылы тұтастай қайта салынды. Мәдени, әлеуметтік нысандар жаңадан бой көтерді.
Осы кітапқа алғысөз жазған ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко «Қызылағаш апаты - келешекке үлкен сабақ. Сондықтан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Нұрғисаевтың бұл кітабындағы оқиғалар сол бір қиын кездердің нақты куәсі ғана емес, біздің төтенше жағдайлар саласының да тірі шежіресі болып табылады. Нақты деректерге сүйеніп жазылған, суреттермен безендірілген бұл кітап тарих пен тағылым үшін аса қажет», - деп атап өткен.
Кітап қас-қағымда төнген табиғат апатына қарсы күрес пен ел болып жұмылған қауырт қимылдың шежіресі іспеттес.