Алматы облысының полицейлері нәзік жандарға ерекше құрмет көрсетті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері нәзік жандарға ерекше құрмет көрсетті. Мереке қарсаңында «Әйелге деген сүйіспеншілік» акциясын бастады. Оның аясында, ханымдар сұлулық салонына барып, қалауы бойынша шаш үлгісі, макияж және маникюр жасап, дастарханнан дәм татып, киноға барып, тамаша көңіл-күйге бөленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» кешенінде арнайы мерекелік дастархан жайылып, Алматы облысы ІІД-нің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты түскі астан соң аталған кешеннің кинотеатрында «Келинка тоже человек» отандық комедиялық кинофильмін тамашалау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Халық банкінің қызметкерлері әйел адамдарды келе жатқан мерекелерімен құттықтап, естелік сыйлықтарын табыстады.
 

«Құрметті нәзік жанды арулар, сіздерді тамаша көктем мерекесімен құттықтаймыз! Әрқашанда осындай сұлу болып жүре беріңіздер. Бақытты болыңыздар», - деп өзінің тілегін құттықтау сөзінде Талдықорған ҚІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы Талғат Базиев жеткізді.

Өз кезегінде әйел адамдар тәртіп сақшыларына рахметін айтып, қиын қызмет бабында сәттілік тіледі. Кейбірі алғаш рет кинотеатрдан фильм көргендерін, алғаш кәсіби макияж жасағандарын айтты.
 

Акцияның соңында Алматы облысы ЖПҚ эстафетаны арнайы келген Алматы қаласының ІІД ЖПҚ-нің өкілдеріне тапсырды.

Айта кету керек, аталған шараны Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу қарсаңында Алматы облысы ІІД-нің Жергілікті полиция қызметкерлері «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау» БҚ-мен бірлесе, сондай-ақ «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның, «Атамекен», «Деликатес» кешендерінің және «Алиса», «Шадэ», «Вероника» сұлулық салондарының, «Мир цветов» дүкенінің қолдауымен республикада алғаш рет «Әйелге деген сүйіспеншілік» акциясын ұйымдастырды.
 

Оның мақсаты нәзік жандарға қатысты құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша жедел алдын алу шарасын өткізу және әйел адамдарға, соның ішінде мүгедек әйелдерге (аз қамтылған, көп балалы және т. б.) заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету.