Алматы облысының полициясы 19 жастағы жігітті өлтірген күдіктіні ұстады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полициясы 19 жастағы жігітті өлтірген күдіктіні ұстады.

14 қыркүйек күні Ескелді ауданындағы Жетісу ауылының тұрғындары ауыл шетінен «Москвич-412» көлігін тауып алған, оның ішінде ауыр жарақаттанған 19 жастағы жігіт болған.

Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудандық аурухана дәрігерлері оның өмірімен қанша күрессе де, жігіт есін жинамастан көз жұмды. Оқиға орнынан жәбірленушіге ауыр соққылар тигізген балға табылды.

Ескелді АІІБ-нің қызметкерлері жәбірленушінің ауылдасы болып шыққан 20 жастағы күдікті ер адамның тұлғасын анықтады. Ол оқиға орнынан қашып кеткен, бірақ полицейлер оны Алматы қаласынан ұстады. Ер адам Ескелді АІІБ-не жеткізілді.

Ескелді АІІБ-нің тергеушілері тергеу амалдарымен айналысуда. Ұсталған ер адам қамауға алынды.