«Инфрақұрылымдық даму назардан тыс қалған жоқ. «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде сәулетті ғимараттар, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру нысандары, балабақшалар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, халықтың игілігіне жаратылуда.
Жалпы, қала инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асырылды.
Осы жұмыстар былтырғы жылы барша алматылықтар болып бірге қабылдаған, 5 қағидаға негізделген «Алматы-2020» даму бағдарламасын басшылыққа ала отырып жүргізілуде.
Оларды тағы бір рет атап өтсем, біріншіден, әрбір адамға қамқорлық; екіншіден, үздік тәжірибе негізінде тиімді және үнемді шешімдер қабылдау; үшіншіден, экономикалық драйвер ретінде бизнесті ынталандыру; төртіншіден, азаматтық қоғамды барынша тарту; және бесіншіден, жергілікті басқару органдарының есептілігі мен ашықтығы.
Жалпы, тек елімізде ғана емес, барша әлемде орын алған қаржылық-экономикалық қиыншылықтарға қарамастан өткен жылы атқарылған, ауыз толтырып айтар істер баршылық.
Былтырғы жылғы есептен бірер мәлімет келтірсек, дәл осы залда маған қатысушылар тарапынан 32 сұрақ қойылған болатын. Оның 24-і (75%) заң шеңберінде өз шешімін тапты. Ал 8 ұзақ мерзімді мәселе бойынша жұмыстар ағымдағы жылы аяқталатын болады.
Өткен аптада 8 ауданның әкімі қала тұрғындары алдында әрқайсысы бірнеше дүркін кездесу өткізіп жылдық есеп берді. Жалпы жұртшылықпен 44 кездесу өтіп, онда 500-ден астам сұрақ қойылған. Жалпы саны 15 мыңға жуық адам қатысқан бұл кездесулерде қойылған сұрақтардың басым бөлігіне сол жерде жауап берілген болса, қалалық дәрежеде қарастыруды қажет ететін бірқатар мәселелерді мен өз бақылауыма алдым. Олардың барлығы да өзінің нақты жауабын табатын болады», - деді Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар, әкім алдағы аптаға жоспарланған қалалық мәслихаттың отырысына көтерілген мәселелерге сәйкес өзгертілген, толықтырылған бюджет жобасы енгізілетінін айтты.
«Сайып келгенде барлығымыздың мүддеміз тоғысар бір арна - ол Алматыдай алып шаһардың тұрмыс-тіршілігі, бүгіні мен ертеңі. Осы жолда бірлесе, жұмыла жұмыс жасайық», - деді қала басшысы.