Қарақшылар тобы түнгі шабуыл нәтижесінде жарты миллионнан астам теңгені иемденген. Бұл оқиға бүгін түнде Түрксіб ауданында болған. Экспедиторларды компанияның офисіне кіре берісте торуылдаған жауыз ниеттілер ожар да озбыр әрекет еткен. Бет-жүздерін де жасырмаған қарақшылар, олар өздері төртеу болған, газды баллонмен қорқыту арқылы бір күндік түсім бар сөмкені қолға түсірген және қылмыс жасаған жерлерінен асығыс жасырынып үлгерген.
«Алайда, осы қылмысқа куә болғандар мен жәбірленушілердің өздері де шабуыл жасаушылар жасырынып кеткен көліктің маркісі мен мемлекеттік нөмірін есте сақтап қалған. Қала бойынша жүргізілген «Құрықтау» арнайы жоспарының арқасында арада жиырма минут өткеннен кейін күдіктілер қолға түсті. Олар Кіші станица арқылы Алматы облысы аймағына өтіп кетпекші болған. Алайда, Жол полициясы басқармасы жасағының арқасында бұл көлік тоқтатылып, ұсталды»,- деді Алматы қалалық ІІД-нің Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қанат Сарымсақов.
Басты назарда - мемлекеттік нөмір сериясы Шығыс Қазақстан аймағында тіркелген «Ауди» маркілі автокөлік. Көлік ішінде тек үш күдікті ғана болған, ал олардың тағы бір сыбайласына іздеу жарияланды.
«Дереу осы әрекетке қатысты шұғыл іс жүргізілді. Ұсталғандардың барлығы істегендерін мойындады және қашқын жайында мәлімет берді. Қазіргі кезде қашқынды іздестіру мен оны ұстауға байланысты жедел-іздестіру іс-шарасы ұйымдастырылуда. Осы аралықта біз ұсталғандардың жеке басын тексеру мақсатында және олардың барлығы Аягөз ауданының тұрғындары болғандықтан, ШҚО-дағы әріптестерімізбен байланыс жасаудамыз. Шабуылшылар осы іспеттес қылмыспен өз тұрғылықты жерлерінде де айналысқаны ықтимал», - деп атап айтты подполковник Сарымсақов.
Тергеу бұл қарақшылық шабуылдың алдын-ала көзделіп істелгені туралы болжамды ұстануда. Өйткені тонаушыларға аталмыш экспедиторлық топтың сол күнгі ірі түсімі де және олардың қозғалыс бағыты да белгілі болған.