Әзірге олардың медицина саласындағы мемлекеттік кәсіпорындардың бірінің шотынан ірі көлемде ақша ұрлауға қатысы барлығы дәлелденді.
«Бұл жерде мәселе 20 млн теңге жайында болып отыр. Оны қаскүнемдер екінші дәрежедегі банктің клиенті - республикалық мемлекеттік кәсіпорынның шотынан ұрлаған. Қылмыскерлер ол үшін зиянды бағдарламаны пайдалана отырып, қылмыстық операцияны қашықтықтан басқарып отырып жасаған.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Қарағанды облысының тұрғыны басқарған қылмыстық топты әшкерелеу барысында солардың да дәл осындай әдісті пайдаланғаны анықталған еді.
Естеріңізде болса, сол қылмыскерлер ірі компаниялар мен мекемелердің компьютер жүйесін вирустық бағдарламалар, зиянды хабарламалар жіберу арқылы қашықтықтан басқару мүмкіндігіне қол жеткізген. Осылайша, ірі көлемдегі қаржыны қалтаға басқан. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері сотталып, әр түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айрылды», - деді Алматы қалалық ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жанболат Зиадин.
Оперативтік бөлімдегілер бұл алаяқтық әрекеттерге басқа да тұлғалардың қатысы бар болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Күдіктілер Қазақстанның басқа да аумақтарында алаяқтық әрекеттер жасаған болуы мүмкін. Бұл енді тергеу барысында анықталатын болады.