«Almaty Towers-тегі» өрт ісі: Қорғаушы сотталушының бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 сотында 6 адамның өмірін қиған «Almaty Towers» ғимаратындағы өртке қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы іске байланысты «Батут орталығы» ЖШС-нің директоры Дәурен Тұяқов сотталушы ретінде жауапқа тартылып отыр. Ол абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу бойынша айыпталуда.

Жәбірленушілердің өкілі Ерлан Бекполовтың айтуынша, оның клиенттері іспен әлі таныспаған. Сот процесі орыс тілінде өтуде. Ал жәбірленушілер орыс тілін білмегендіктен өздеріне қазақ тілді аудармашы қажеттігін айтқан. Үзілістен кейін аудармашы қатыстырылды.

Сотталушының қорғаушысы Джохар Өтебеков пен Әлімжан Оралбай қосымша тергеу үшін істі прокуратураға қайтаруға өтініш берді. Олардың сөзінше, бұл істе тек қана «Батут орталығының» директоры айыпты емес.

 

«Алдын ала тергеу барысында біз прокуратура органдарына, ІІМ-ге аталмыш оқиғаға байланысты барлық кінәлілерді тауып, әшкерелеу жөнінде бірнеше рет талап арыз жазғанбыз. Ақыр соңында барлық процессуалдық шығын, моральдық шығын өтеу және жауапкершілік толықтай Дәурен Тұяқовтың мойнына түсіп отыр. Өткен жылы Алматы ІІД дәнекерлеушіге, бизнес орталық нысандарының кооперативтері иелеріне және оның қауіпсіздік жөніндегі директорына, жалға берушінің директорына, 7 жыл бойы өрт қауіпсіздігін тексермеген өрт сөндіру инспекторларына қатысты, студенттерге дер кезінде көмек көрсетпеген өрт сөндіруші жетекшіге қатысты заңсыз қылмыстық іс белгілеген. Осыған байланысты біз соттан қосымша тергеу үшін істі прокуратураға қайтаруды сұраймыз.

Ғимаратта өрт кезінде 28 адам болған. Оның 23-і негізгі есік арқылы шығып кеткен, я болмаса терезе арқылы көрші шатырға шыққан. 5 жігіт қосымша есікке жүгірген, ал ол құлыптаулы болыпты. Батут орталығы жағындағы есік тек шаппамен бекітіліп жүрген. Есік артында тағы бір кеңсе болған. Ал онда баспалдаққа дейінгі эвакуациялық шығу ғана емес, эвакуациялық жолдар түгел жабылған. Әрине, заңсыз. Бірақ нысанның иесі сотқа тартылмаған», - дейді қорғаушы.

Тұяқовтың өзі ішінара өзінің айыбын мойындады, бірақ ҚР ҚК 104-бабының талаптарымен келіспейді. Оның қорғаушылары сотталушының бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу немесе ешқайда кетпеу туралы хаттамаға өзгертуді өтінді. Себебі, Тұяқов ауырлығы орташа қылмыспен айыпталуда және тергеуден жасырынатын ойы жоқ, қоғамға қауіп төндірмейді, сондай-ақ, жәбірленушілердің шығынын өтеуге тырысады.

«Ол жазасын қоныстану колониясында өтейтін болады. Қазір жазасын тергеу абақтысында өтеуде, түрме жағдайында жатыр десек те болады. Оның бұлтартпау шарасын жеңілдетуді сұраймыз, - дейді Өтебеков.

Жәбірленушілердің өкілі Ерлан Бекполовтың пікірінше, аталған істің объективті көрінісі толық көрінбей тұр. Оның сөзінше, сот залына қалалық ТЖД-нің өкілдері келмеген.

 

«Біз іс материалдарымен таныспадық. Аталған іс толығымен объективті зерттелмеген, осыған байланысты біз істі қайтаруды сұраймыз», - дейді Бекполов.

Ал сотталушының бұлтартпау шарасын өзгертуге қатысты өтінішке соттың жауабы кейінірек белгілі болады.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 6 қарашасында «Almaty Towers» бизнес орталығында өрт болды. 1800 шаршы метр аумақты шарпыған өрттен 80 адам құтқарылды, оқиға орнында 6 адамның мүрдесі табылды. Қаза болғандар Алматыдағы ЖОО студенттері болып шықты. Оқиға қатысты ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, «Батут орталығының» директоры Дәурен Тұяқов ұсталды.