Алматы жұртшылығы аса көрнекті қазақ ақыны Қадыр Мырза Әліні соңғы сапарға шығарып салды

АЛМАТЫ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат- /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматы жұртшылығы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында аса көрнекті қазақ ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әліні соңғы сапарға шығарып салды.

Қаралы жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды. Осындай көңіл айту жеделхатын ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев, ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Білім және Ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Шығыс Қазақстан облысы, Астана, Қарағанды, Семей қалаларының әкімдері жолдаған.

Қадыр ақынның соңғы сапарына ақынның оқырмандары, әдебиетсүйер қауым, үзеңгілес әріптестері, Қызылорда, Батыс Қазақстан облысынан келген арнайы делегация, ҚР Президенті Әкімшілігінің, Алматы қаласы әкімшілігінің өкілдері қатысты. ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамедов, ақынның құрдасы, досы, белгілі ақын Тұманбай Молдағалиев, замандасы, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, әріптес інісі Бексұлтан Нұржекеев ақынның отбасына, жұртшылыққа көңіл айтты. Артына қазақ поэзиясына пәлсапаға тұнған, айтары мол туынды, көркем аударма, жауһар жыр, әдемі әзіл қалдырған ақын Кеңсай зиратына жерленді.

Қазақтың қара өлеңінің Қадыры атанған ақын 22 қаңтар күні жүрек талмасынан көз жұмған еді.

Қадыр Мырза Әлі 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты кентінде дүниеге келген. 1958 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін, 1960 жылы аспирантурасын бітірген. 1985-62 жылдары "Балдырған" журналында әдеби қызметкер, 1962-65 жылдары "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-78 жылдары "Жазушы" баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі, 1973 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі, 1993 жылдан «Балауса» баспасының директоры қызметтерін атқарған.

Алғашқы өлеңі 1954 жылы "Пионер" журналында жарияланғаннан бастап қаламы қолынан түспеген ақынның 1959 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы - "Көктем" жарық көреді. Одан кейін оның елуден астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. "Жаңғалақтар", "Данышпан", "Кішкене қожанасыр", "Ноян қоян", "Алуан палуан", "Ой орманы", «Дала дидары», "Бұлбұл бағы", "Ақ отау", 2 томдық "Домбыра","Жерұйық", «Ғибратнәмә», «Жазмыш», «Еңіреп өткен ерлер-ай», «Иірім», «Шырғалаң», «Алмас жерде қалмас», 2 томдық «Афоризмдер жинағы» сынды туындылары оқырман жүрегінен орын алды. Ақын бұнымен қатар 200-ден астам ән сөзінің авторы, көркем аударма саласында да елеулі еңбек етті. Шығармалары ағылшын, француз, неміс, фин тілдеріне аударылған. Артына ең көп еңбек қалдырған ақынның туындыларының жалпы көлемі 32 том. Оның 20 томдығы былтыр ақынның 75 жылдығына орай «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген болатын. Қадыр Мырза Әлі тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұранының жаңа мәтінін жазған авторларының бірі болды.