ХХ ғасырдың басындағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі Міржақып Дулатовтың қызы, танымал қоғамдық қайраткер Гүлнар Дулатова көз жұмды.
Дулатова Гүлнар Міржақыпқызы 1915 жылдың 4 қарашасы күні Орынбор қаласында туған. Алаш қайраткері М.Дулатовтың қызы. Журналист, әдеби мұраларды жинаушы. 1939 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1939-1987 жылдары дәрігер-дерматолог қызметін атқарған.
Г.Міржақыпқызы "Алаш" қозғалысының қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов және т.б. туралы деректерді алғаш жариялаушы. Алматыдағы Орталық мұражайға, Торғайдағы, Қостанайдағы, Семей мен Астанадағы мұражайларға саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты олардың жеке заттарын - кітаптар, суреттер, хаттар, құжаттар мен тағы басқа көптеген экспонаттарды тапсырды.
Баспасөзде Г.Міржақыпқызының очерктері мен эсселері 1988 жылдан бастап жариялана бастады. 1995-1999 жылдары «Свет истины» («Шындық шырағы») екі томдық кітабы жарық көрді. Сондай- ақ, Гүлнар әкесінің «Оян, қазақ!» кітабын, екі томдық шығармалар жинағын, бестомдық шығармалар жинағын құрастырушылардың бірі.
Г.Міржақыпқызымен қоштасу 20 ақпан күні Алматыда ҚР Жазушылар одағының ғимаратында өтеді.