Алматыда Aktivity BooM әлеуметтік гранттар байқауының жобасы таныстырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Aktivity BooM деп аталатын қалалық әлеуметтік гранттар байқауы жобасының тұсауы кесілді. Оған қала бойынша 20-дан астам жастар ұйымынан 50-ге тарта өкіл қатысты.

«Біздің басты мақсатымыз - жастар ұйымдарын дамыту, олардың белсенділігін арттыру және осындай әлеуметтік жобаларға қатысуға шақыру. Осы мақсатта Халықаралық бизнес университетінің ұсынуымен және біздің қолдауымызбен Алматыда Aktivity BooM жобасы қолға алынды. Бұл әрине гранттық жүйе. Бірақ, грант біткен соң, жұмыс тоқтап қалады деген сөз емес. Бұл жастар ұйымдарына жұмысты бастап, оны тоқтатпай әрі қарай алып кетулері үшін көрсетіліп отырған қаржылай көмек», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Сыдықов.

Сонымен қатар ол мұндай әлеуметтік жобалардың жастар саясатын дамытуда маңызды роль атқаратындығын жеткізді.

«Бүгінгі таңда жастар саясатының мақсаты - жастар арасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Яғни, біз жастар үшін жұмыс іздемеуіміз керек. Керісінше, жастардың өздері бізге келіп жұмыс, тың жобалар және креативті идеялар ұсынулары тиіс. Біз сондықтан да осы жобаны қолдап отырмыз. Оған 3 млн. теңге бөлінді және 11 әлеуметтік бағыт таңдап алынды. Қаладағы кез келген жастар ұйымы өзі қалаған бағыт бойынша жоба әзірлеп, байқауға ұсына алады. Жеңімпаз ұйымға белгілі бір мөлшерде грант беріледі. Қаламызда 38 университет бар. Егер бұл жоба ойдағыдай жүзеге асатын болса, онда келешекте оған басқа да университеттерді тартатын боламыз», - деді Н. Сыдықов.

Aktivity BooM әлеуметтік гранттар байқауында 11 бағыт таңдап алынды. Олар: Этномәдени бағыт, патриотизм, пікірталас, волонтерлік, академиялық саясат, кәсіпкерлік, ғылыми зерттеу, гендерлік теңдік, спорт, экология және мәдени-бос уақыт.

Грантқа қатысуға өтінімдер үстіміздегі жылдың 5-8 қазаны аралығында Халықаралық бизнес университетінде қабылданады.

Жалпы, 3 млн. теңге үш категорияға бөлінді. Бірінші категория бойынша 50 000 мың теңгеден 20 грант, екінші категория бойынша 100 000 теңгеден 10 грант, ал үшінші категория бойынша 200 000 теңгеден 5 грант белгіленді. Халықаралық бизнес университетінде өзінің өкілдігін ашқан және құрамына осы жоғары оқу орнының кем дегенде 12 студентін қабылдаған ұйым бірінші категория, 30 студентін қабылдаған ұйым екінші категория және 60 студентін қабылдаған ұйым үшінші категория бойынша гранттарға үміт арта алады. Айта кетелік, Aktivity BooM әлеуметтік гранттар байқауы жобасы Халықаралық бизнес университеті жастарының «Green attitude» деп аталатын пікірталас алаңында таныстырылды.