Сондықтан Алатау бөктеріне төрткүл дүниенің теңдессіз зілтеміршілері жиналды. Дүбірлі додада олар барынша нәтижелі өнер көрсетіп, Олимпиада ойындарының жолдамаларын қанжығаларына байлау үшін барын салатыны анық.
Мұндай маңызы мен мәні зор жарыстың елімізде өтуі бекерден бекер емес. Біздің толағайларымыз соңғы жылдары әлем жұртшылығын аузына қаратып, таңғаларлық табыстарымен сүйсіндіріп келеді. Сол үшін әуелі ауыр атлетика тарихына қысқаша шолу жасап, отандастарымыздың осыған дейінгі көрсеткіштеріне тоқтала кетсек артық болмас.
Аталмыш спор түрінен тұңғыш әлем чемпионаты сонау 1891 жылы Лондонда өткен болатын. Алғашқы біріншілікке бар-жоғы 6 мемлекеттен 7 спортшы бақ сынаған еді. Ол кезде салмақ дәрежесі деген де болған жоқ. Одан кейінгі додаларда жарыстың беделі өсіп, қатысушылардың саны да көбейе түсті. Дәл бүгінгі уақытта Халықаралық ауыр атлетика федерациясына (IWF) әлемнің 190-ға жуық мемлекеті мүше болып үлгерді. Өзінің арнайы штаб-пәтері де бар. Ол Венгрияның астанасы Будапешт қаласында орналасқан.
Бүгінгі таңда спорттың бұл түрінен әлем біріншілігі болсын, Олимпиада ойындары болсын 15 жүлде жиынтығы сарапқа салынып келеді. Кезінде Қазақстан спортшылары Кеңес одағы туының астында өз өнерлерін паш етті. Ол кезде ауыр атлетикадан басты бәсекелестік КСРО мен Болгария құрамалары арасында өрбитін. Ал тоқсаныншы жылдары мықтылар қатарына Қытай, Түркия, Иран және Грекия елдері қосылды. Одан кейін, Польша, Оңтүстік Корея, Украина, Тайпей, Индонезия, Тайланд, Беларусь елдері жарыстарда жүлделі орындарды жеңіп алып кетіп жүрді. Ал 2000 жылдардан бері қарай Қытай спортшылары әлемдік ауыр атлетиканың көшбасшысы атанды. Алайда, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 10 жылда еңсесін тіктей білген Қазақстан ауыр атлеттері де әлемдік додаларда қарсыластарын қапы қалдырып, жекелей сындарда да, жалпы командалық есепте де үздіктер қатарынан ойып тұрып, орын алды. Тіпті, кейбір көшбасшы елдердің қатарында жүрген спортшыларды тұғырдан тайдырып та үлгерді.
Мұндай биіктерге жетуіміз кездейсоқтық емес. Олай дейтініміз біздің спорт сонау КСРО дәуірінде де тамыры тереңге жайылған болатын. Сол кездегі Виктор Мазин, Юрий Зайцев, Анатолий Храпатый бастаған жеңісті жол күні бүгінге дейін заңды жалғасын табуда. Даңқы алысқа жайылған айтулы спортшылар талай байрақты бәсекелерде топ жарғанын жанкүйерлер жақсы біледі.
Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан дербес команда ретінде ауыр атлетикадан әлем чемпионатына алғаш рет 1993 жылы қатысты. Австралияның Мельбурн қаласында өткен жарыста 91 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Анатолий Храпатый қола медаль олжалады. 1995 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында жерлестеріміз қос қола медаль иеленді. Бұл жолы Андрей Макаров (91 келі) пен Анатолий Храпатый (99 келі) жеңіс тұғырына көтерілді. Өкінішке қарай, одан кейін біраз жыл отандық ауыр атлетика тоқырауға ұшырады. Бұрынғы саңлақтарымыз үлкен спортпен қош айтысты. Ал жастарымыз тәжірибенің кемдігінен жеңіс тұғырына шыға алмады.
Айталық, 2005-2006 жылдарды Илья Ильин қатарынан екі рет әлем чемпионы атанды. 2009 жылы Оңтүстік Кореяның Гоянг қаласында 4 алтын және 1 қола медальді олжалап, жалпы есепте екінші орынға жайғастық. Сол жарыста Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Владимир Седов қарсылас шақ келтірмесе, Владимир Кузнецов қолаға қол созды. 2010 жылы Түркияның Анталия аймағында 2 рет Қазақ елінің әнұраны шырқалды. Бұл бәсекеде Майя Манеза мен Светлана Подобедова бас жүлдені иеленді. 2011 жылы Парижде 2 алтын және 2 күміс медальді еншіледік. Чиншанло мен Ильин алдына жан салмаса, Манеза мен Подобедова күміс медальді мойындарына ілді. Соңғы үш жарыстың командалық сайысында біздің отандастарымыз үздік үштіктің тұғырынан төмендеген жоқ. Яғни біз әлемдік ауыр атлетиканың көшбасшыларының біріне айналдық. Бұл аз ғана уақыттағы әлем біріншілігінде қол жеткізген ірі табыстарымыз.
Ал Олимпиада ойындарына келсек, 2008 жылы Бейжіңде жерлестеріміз 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медальді иеленіп, жалпы есепте үшінші орын алса, 2012 жылы Лондондағы табысымызға төрткүл дүние тамсана қол соқты. Тұманды Альбион елінде Қазақ елінің әнұраны төрт мәрте шырқалды. Бұл жарысты біз командалық есепте, алпауыт Қытайдан кейінгі екінші орынмен қорытындыладық.
2013 жылғы әлем чемпионатына Қазақстан аралас құраммен барды. Соған қарамастан, екі бірдей жүлдеге қол жеткіздік. 94 келі салмақта күш сынасқан Алмас Өтешов күміс медаль иемденіп, қазақ спорты тарихында алғаш рет қазақ баласы ауыр атлетиканың жүлдегері атанды. Оған дейін бірде-бір қандасымыз осындай деңгейге жеткен жоқ еді. Дәл осы салмақта өнер көрсеткен Владимир Седов қола медальді қоржынға салды.
Биылғы әлем чемпионаты өз елімізде, өз жерімізде жалауын желбіретпек. Жалпы, бір сөзбен айтқанда, Алатау бөктеріндегі әлем біріншілігі Алаш спортшыларының жетістігінің арқасы десек артық айтқандық емес.
Енді осы әлем біріншілігіне келсек. Бұл жарысқа бір мемлекеттен 10 спортшы ғана қатыса алады. Сондықтан да лицензиялық жарыстың командалық есебінде алғашқы 6 орынды иеленген мемлекеттер ғана ғаламдық додаға толық құраммен келді. Жарыс кестесінде иеленген орындар төмендеген сайын, жолдамалар саны да кеми түседі. Мәселен, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына Қазақстаннан 8 спортшы қатысты. Ал бұл жолы Бразилияға 10 зілтемірші апару көзделуде. Ол жоспарды жүзеге асыру үшін жерлестеріміз Алатау баурайында барын салып, қажетті ұпайды алулары керек.
Естеріңізде болса, Қазақстанда ауыр атлетикадан бұған дейін үш рет Азия чемпионаты ұйымдастырылған болатын. Сары құрлықтың сайыпқырандары 2004 жылы - Алматыда, 2009 жылы - Талдықорғанда және 2013 жылы Астанада бас қосты. Бұл жарыстардың ұйымдастырылу деңгейі аса жоғары болды. Былтырғы доданы тамашалау үшін Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аянның өзі арнайы келді. Қазақтардың қонақжайлығына риза болған мәртебелі мейман 2014 жылғы әлем чемпионатының ойдағыдай өткізетініне еш шүбә келтірмейтінін айтқан болатын.
Тағы бір айта кетерлігі Алматы қаласы ТМД елдері арасында бұл бәсекені тұңғыш рет қабылдап отыр. Ауыр атлетика тарихына үңілетін болсаңыз қазіргі ТМД елдері арасында әлем біріншілігін алғаш қабылдаған Мәскеу қаласы екеніне көзіміз жетеді. Ресейдің астанасы бұл бәсекені екі рет 1975 және 1983 жылы қабылдаған.
Бұл жарыста Қазақ елі намысын кімдер қорғайтыны жайында бұған дейін өз оқырмандарымызды құлағдар еткенбіз. Басты үміт, әрине, Лондон Олимпиадасының чемпиондарына артылады. Олар - Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза. Айтулы зілтеміршілер әлем чемпионатында да талай рет атой салған. Мәселен, Илья үш рет топ жарды. Зүлфия, Майя екі рет алтыннан алқа тағынды. Енді бұлар өз жерімізде ел үмітін ақтайды деген үміттеміз.
Қазіргі таңда сынға түсетін барлық спортшылар анықталып үлгерді. Байрақты бәсекеде 75 елден 683 спортшы бақтарын сынайды. Оның 404-і ерлер болса, 297-сі әйелдер. Әйелдер жеті салмақ дәрежесі бойынша (48, 53, 58, 63, 69, 75, 75 келі) сынға түссе, ерлер сегіз салмақта (56, 62, 69, 77, 85, 94, 105, 105) жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайтын болады. Қазақстан құрамасы бұл додаға толық құрамда қатысады. Бізбен қатар, Қытай, Колумбия, Беларусь, Эквадор, Египет, Германия, Үндістан, Италия, Жапония, Польша, Ресей, Тайланд, Түркия, АҚШ пен Украина құрамалары толық құрамда келді.
Жарыстың ресми ашылу салтанаты 8 қараша 17:30-да Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Оған Халықаралық ауыр атлетика федерациясының басшыларынан бастап, өз еліміздегі түрлі лауазым иелері қатысады. Салтанатты рәсім аяқталғаннан соң 56 келі салмақ дәрежесі бойынша ерлер арасындағы бәсекелер басталады. Бұл салмақта Қазақстанның туы астында Арли Чонтей өнер көрсетеді. 9 қарашада (cағат - 16.00) Маргарита Елисеева ортаға шығады. Таяуда ғана ол Азия ойындарында айды аспанға шығарып, алтыннан алқа тағынған. Жерлесіміз 48 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайды.
10 қарашада (16.00) Зүлфия Чиншанло күш сынасады. Бұған дейін ол Лондон Олимпиадасының жеңімпазы және екі дүркін әлем чемпионы атанған. Осы күні (19.00) жастар арасындағы әлем чемпионы, 69 келі салмақтағы Альберт Линдер де өнер көрсетеді.
11 қарашада (16.00) 58 келі салмақтағы Сәуле Сәдуақасоваға сенім артамыз. Сәуле «В» тобында сынға түседі. 12 қарашада (19.00) Кирилл Павлов күш сынасады. 77 келі салмақтағы жерлесіміз 2010 жылы Азия ойындарында және екі рет Азия чемпионатында жүлдегерлер санатына қосылған болатын. 2012 жылы Кирилл Лондонда алауы тұтанған Олимпиада ойындарына қатысты.
13 қарашада үш бірдей жерлесіміз жарыс жолына шығады. Олар - 69 келілік Гүлназ Наурызова (13.00) және 63 келілік Карина Горичева мен Майя Манеза (16.00). «В» тобындағы Гүлназ үшін басты мақсат - алғашқы ондықтың санатына қосылу болса, қалған екеуі жеңіс тұғырына көтерілу үшін барын салады.
14 қарашада (16.00) алдымен 69 келі салмақтағы Жазира Жаппарқұлға жанкүйер боламыз. Сонымен қатар осы күні кешкісін (19.00) 94 келі салмақтағы Владимир Седов пен Рүстем Сыбай жарыс көрігін қыздырады. Седов - 2009 жылғы әлем чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Сыбай - Дүниежүзілік жасөспірімдер ойындарының қола жүлдегері.
15 қарашада (19.00) Илья Ильин сынға шығады. Екі дүркін Олимпиада ойындарының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы атанған Қазақстанның даңқты спортшысы 105 келі салмақ дәрежесінде де дара шығады деп үміттенеміз. Ал Илья Ильиннің алдында (11.00) 105 келі салмақтағы Жасұлан Қыдырбаев «В» тобында сайысқа түседі. Одан кейін (16.00) 75 келі салмақтағы Светлана Подобедова мен Анна Нұрмұхамбетова шеберлік байқасады деп күтілген болатын. Өкінішке қарай, Подобедова жарақат алуына байланысты жарысқа шықпайтын болды. Бұл салмақта Нұрмұхамбетова ғана өнер көрсетеді. Ол жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері және Лондон Олимпиадасында үздік бестіктің санатына кірген спортшы.
16 қарашада аса ауыр салмақтағы спортшылар күш сынасады. Бұл ретте біз жастар арасындағы әлем біріншілігінде дара талантымен оқшауланған Селимхан Әбубакаров (11.00) пен Ибрагим Берсановтың (17.00) өнерін тамашалаймыз.
Отандастарымызға тек сәттілік жолдас болсын деп тілейміз.
Күнсұлтан Отарбай