Атаулы күнге орай Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында даңқты батырға арналып қойылған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі болып өтті.
Ескерткішке қала әкімдігінің өкілдері, ардагерлер мен жастар ұйымдары гүл шоқтарын қойды. Акция патриоттық сана-сезімді дамытуға, туған елге деген сүйіспеншілікті арттыруға, азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Шараның ұйымдастырушылары - Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры мен Алматы қаласының жастар саясаты жөніндегі басқармасы.
Бауыржан Момышұлы - екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Ол 1910 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде туған.
Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі болды. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарды.
1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құраммен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери мамаң ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды.
Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерілей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды. Жас сардар Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбінің қалың қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды бұзып, жалпы саны 207 рет қол бастап, ұрысқа кіріп, 27 рет әскери соғыс тарихында болмаған тактикалық жаңалық жасады. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик болумен қоса, сұңғыла психолог та.
Бауыржан Момышұлы - әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз және тағы да басқа шет ел тілдеріне аударылды.
Бауыржан Момышұлы К.Е.Ворошилов атындағы әскери академияның бірінші дәрежелі "Суворов" орденімен, Бірінші дәрежелі «Қызыл Ту» орденімен (екі рет)», «Ленин орденімен», "Отан Соғысы" орденімен және «Әскери шайқастағы еңбегі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталып, Кеңестер Одағының Батыры атағын алған. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен оған «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Бауыржан Момышұлы 1982 жылы қайтыс болды.