Алматыда бір түн әуежайда түнеуге мәжбүр болған 180 турист Түркияға ұшып кетті
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы қалалық әуежайының баспасөз қызметінің маманы Мырзанов Дәурен айтты.
Жолаушылардың барлығы «Гульнар-Тур» туристік фирмасынан Антальяға туристік жолдама алған. Олар күткен ұшақ 1 тәулік бойы келмеген соң, жолаушылар баспанасы барлары үйді-үйіне тарап, жоқтары әуежайда түнеуге мәжбүр болған.
Туристік фирма түркиялық «AtlasJet» компаниясының әуе билеттеріне тапсырыс берген. Алайда, аталған компанияның ұшағы Алматыға 1 тәуліктен соң келген.
«Біздің «AtlasJet» компаниясынан билет сатып алдық. Ол компаниямен келісім жақында жасалды. Бұл - аталған компанияның Қазақстандағы бірінші рейсі. Рейстің не үшін кешіккенін білмеймін. Мүмкін рейсалды тексеру болған шығар. Жолаушылар бүгін таңғы сағат 7-де ұшып кетті», - деді «Гульнар Тур» фирмасының заңгері Ирина Самойлова.